Қазақстанның энергетика саласына жаңа серпін беретін ірі келісім жасалды. Қытайдың China Energy компаниясы елде жалпы құны 1 миллиард АҚШ долларынан асатын екі жобаны жүзеге асыруға ниетті деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Ulysmedia.kz сайтына сілтемемен.
Инвестиция шеңберінде Түркістан облысында қуаты 300 мегаватт болатын күн электр станциясы, ал Қарағанды облысында 500 мегаватттық жел электр станциясы салынады. Бұл нысандар іске қосылған соң, Қазақстанның энергетикалық жүйесінде жаңартылатын қуат көздерінің үлесі айтарлықтай өседі деп күтіледі.
Энергетика министрі Ерлан Әккенженов жобаларды ел экономикасына маңызды қадам деп атады:
«China Energy-пен әріптестік елімізге капиталмен қатар, заманауи технология мен тәжірибе әкелетін табысты ынтымақтастықтың үлгісі. Түркістан мен Қарағандыдағы жобалар көміртексіз даму бағытына қосылған нақты үлес», — деді ол.
Бұған дейін Қытай мен АҚШ-тың Қарағанды облысындағы пайдалы қазбалар кен орындарына қызығушылық танытып жатқаны хабарланған еді. Сарапшылардың пікірінше, бұл өңір Қазақстанның энергетикалық және стратегиялық әлеуетін арттыруда ерекше маңызға ие болып отыр.