2026 жылдың 23 тамызына белгіленген Құрылтай сайлауы күні «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының ұйытқы болуымен ауқымды медиажоба – жалпыұлттық online-марафон өтеді. Марафон тікелей эфирде сағат 09:00-ден түнгі 00:30-ға дейін жалғасады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Еліміздегі алғаш рет өтетін Құрылтай сайлауына арналған медиажоба барысында қоғамдағы өзекті тақырыптар талқыланып, сайлау барысынан үздіксіз ақпарат беріледі. Оған қоғам қайраткерлері, белсенді азаматтар, өз саласында жетістікке жеткен мамандар, БАҚ өкілдері, сарапшылар, блогерлер, спортшылар мен өнер жұлдыздары қатысады.
Іс-шара аясында бірнеше алаң жұмыс істейді. Басты сахнада түрлі тақырып бойынша спикерлер ой бөліседі. Touch Screen арқылы әр сала бойынша негізгі статистикалық көрсеткіштер мен рейтингтер ұсынылады. Әр 2 сағат сайын меншікті тілшілер шетелдегі дауыс беру нәтижелерін баяндайды.
Брифинг алаңында Орталық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен шетелдік бақылаушылар және ҚР ОСК науқанға қатысты ресми ақпараттарды жариялайды. Өз саласында жетістікке жеткен тұлғалар мен қоғам белсенділері 5-7 минуттық мотивациялық және танымдық дәрістер оқиды. Дискуссия алаңында қоғамдық-саяси, әлеуметтік және экономикалық, тарихи-мәдени тақырыптар бойынша пікірталастар ұйымдастырылады. Экспресс-камерада жедел пікірлер мен қысқа сұхбаттар беріледі. Сонымен қатар викторина және әртүрлі ойын-сауықтық шаралар қарастырылған.
«Қарқынды құрылыс» жобасы аясында ел аумағында жүріп жатқан ауқымды құрылыс алаңдарынан (Ақтөбе, Қостанай, Шымкент қалалары және Қызылорда, Павлодар, Абай облыстары) тілшілер хабар таратады.
Марафонның басты ерекшелігі – Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан тікелей қосылымдар ұйымдастырылады. Эфир барысында үш мегаполистің тыныс-тіршілігі көрсетіліп, қалалардың көрікті жерлерінен репортаждар, тұрғындармен және түрлі сала өкілдерімен сұхбаттар ұсынылады.
Жалпыұлттық online-марафон республикалық және аймақтық телеарналардың эфирінде, сондай-ақ отандық БАҚ-тың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында тікелей трансляцияланады. Марафонға қатысты жедел жаңалықтар, маңызды ақпараттар «Онлайн марафон – 2026» Telegram (http://t.me/onlinemarathon2026 ) арнасында жарияланып отырады.