Құрылтай депутаты әрі Қазақстан паралимпиадалық құрамасының мүшесі Айсұлу Сүлейменова Жапонияда өтетін V пара Азия ойындарына қатысады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
35 жастағы спортшы пара жеңіл атлетикадан 100 және 200 метрге жүгіруден жарыс жолына шығады. V пара Азия ойындары 18–24 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Байрақты бәсекеде параспорттың 18 түрінен 502 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан құрамасы 12 спорт түрінен 179 спортшымен қатысады.
Айсұлу Сүлейменова биыл тамыз айында «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаты болып сайланған. Ол депутаттық қызметпен қатар кәсіби спорттағы мансабын да жалғастырып келеді.
Спортшы 2011 жылы жол апатына түсіп, екі аяғынан айырылған. Кейін параспортпен айналысып, Қазақстан құрамасының сапына енді. Айта кетейік, 2023 жылы Айсұлу Сүлейменова «Шапағат» медалімен марапатталған.