✅ Пайдалы

Құрбан айт: баға мен бағам

Құрбан айт: баға мен бағам

Бүгін мұсылман жұртшылығы қасиетті Құрбан айт мерекесін атап өтіп жатыр. Таң сәріден елорда мешіттерінде айт намазы оқылып, жұрт бір-біріне ақжарма тілегін арнады. Қала ішінде мерекелік көңіл күй ерекше сезілді. Әсіресе мал базарларында адам қарасы көбейіп, сауда қыза түсті. Құрбан шалуға ниетті тұрғындар таң атпай мал іздеп, қой мен ірі қара бағасын сұрап жүргені байқалды.

Сатушылардың айтуынша, биыл мал бағасы былтырғыдан біршама қымбат. Қазір Астана базарларында қойдың бағасы шамамен 80 мыңнан 120 мың теңгеге дейін жетеді. Ал семіздігі мен тұқымына қарай кейбір малдың құны одан да жоғары. Саудагерлер мұны жем-шөп бағасының өсуімен, қыстан кейінгі шығынның көбеюімен және тасымал құнының қымбаттауымен байланыстырады.

Соған қарамастан, құрбан шалуға келген халықтың қарасы азаймаған. Көпшілік үшін бұл күн тек діни міндет қана емес, қайырымдылық пен сауаптың мерекесіне айналған. Әсіресе көпбалалы отбасыларға, мұқтаж жандарға ет таратып, ағайынның басын қосу – айттың басты ерекшелігінің бірі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрсақов құрбандық шалудың негізгі шарттарын түсіндіріп өтті.

«Құрбандық шалу – жағдайы келетін, дәулеті сай әрбір мұсылманға міндет саналады. Ал тұрмысы төмен, бұған шамасы жетпейтін жандарға дініміз ешқандай ауыртпалық салмайды. Сондықтан бұл мейрамдағы ең басты нәрсе – малдың саны немесе бағасы емес, адамның жүрегіндегі шынайы ниеті мен ықыласы», деді Медет Құрсақов.

Оның айтуынша, Құрбан айттың негізгі мәні – адамды мейірім мен жанашырлыққа тәрбиелеу. Сондықтан құрбандық еті тек отбасы дастарқанына арналмайды. Халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрі бойынша оның бір бөлігі ағайын-туысқа, көрші-қолаңға және әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға таратылады.

Қасиетті мерекеге орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қазақстандықтарды Құрбан айтпен құттықтады. Президент өз құттықтауында бұл мейрамның халқымыздың рухани өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті.

«Осы киелі мерекеде рухани кемелденуге жол ашатын мейірімділік пен қайырымдылық, өзара құрмет пен сенім, жанашырлық пен тілеулестік қасиеттері кеңінен дәріптеледі», деді Президент.

Мемлекет басшысы Құрбан айт күндері адамдардың бір-біріне қол ұшын беруі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі ерекше маңызға ие екенін айтты. Сондай-ақ ел ішіндегі тұрақтылық пен татулықты сақтау әр азаматтың парызы екенін атап өтті.

 Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да Құрбан айттың мәні тек мал шалумен шектелмейтінін айтты.

 «Шын мәнінде, Құрбан айт – жалаң құрбандық емес, ол – ішкі жан-дүниеңді тазарту мен рухани тұрғыдан жаңғыру деген сөз. «Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам», деді Бас мүфти.

 Наурызбай қажы Тағанұлы өз сөзінде материалдық жағдайы бар әрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уәжіп амал екенін айтты. Ал шамасы жетпейтін адамға дінде ауыр міндет жүктелмейтінін еске салды. Сонымен қатар айт күндері садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетім балаларға және көпбалалы отбасыларға көмектесу – үлкен сауап екенін жеткізді.

 

Барлық жаңалық