Қостанай қаласында полицейлер қыздарды күштеп жезөкшелікпен айналысуға итермелеген ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты сілтемемен Облыстық Полиция департаментіне.
Тергеу деректеріне қарағанда, күдіктілер ауыл-аймақтағы тұрмысы төмен, әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардың қыздарын арбау арқылы өздеріне тартқан. Олар жәбірленушілерді зорлық пен қорқыту жолымен пәтерлер мен тіпті гараждарда күштеп ұстаған.Қыздарды клиенттерге жеткізу үшін арнайы «такси» қызметі пайдаланылған. Алайда бұл көліктер іс жүзінде жеңгетайлықпен айналысқан топ мүшелеріне тиесілі болған.
Полицияның мәліметінше, ұйымдасқан топ кем дегенде 12 сауна мен жалдамалы орындарда заңсыз қызмет көрсетіп келген. Күдіктілердің қатарында сауналардың әкімшілері, жалған такси жүргізушілері және интимдік қызмет көрсеткен адамдар бар.
Қостанай облысы Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы арнайы операция жүргізіп, топ мүшелерін ұстады.Қазіргі уақытта оларға қатысты Қылмыстық кодекстің бес бірдей бабымен іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасуда.