Жаңалықтар

Қостанай мен Сарандағы зауыттар қаза тапқан әскерилердің отбасыларына көмек береді

Қостанай мен Сарандағы зауыттар қаза тапқан әскерилердің отбасыларына көмек береді

Каспий теңізіндегі апаттан қаза тапқан әскерилердің отбасына Қостанай мен Саран қалаларындағы машина жасау зауыттары 25 млн теңгеден қаржылай көмек көрсетеді. Осындай ауыр кезеңде отандық кәсіпорындар марқұмдардың жақындарына қолдау білдіріп отыр, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

Қайғылы жағдай 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде болды. Осыған байланысты Allur, QazTehna және Agromash кәсіпорындары бірлесіп көмек қолын созу туралы шешім қабылдады. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Андрей Лаврентьевтің бастамасымен марқұм болған әрбір әскери қызметшінің отбасына 25 млн теңге қаражат аударылады.

Еске сала кетейік, оқыс оқиғадан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына көңіл айтқан болатын. Мемлекет басшысы 25 қыркүйекті Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде аза тұту күнін жариялады. Халқымыз қашанда қиын-қыстау кезеңде бір-біріне сүйеу болып, қолдау көрсеткен. Осындай ауыр сәтте біз де әріптестерімізбен бірге қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қол ұшын созуды азаматтық парызымыз деп санаймыз», – деді Андрей Лаврентьев.

Барлық жаңалық