Жаңалықтар

ҚазАвтоЖол назарына: Астана — Қарағанды тасжолындағы ақаулар желіде талқылануда

ҚазАвтоЖол назарына: Астана — Қарағанды тасжолындағы ақаулар желіде талқылануда

Қазнетте Астана – Қарағанды бағытындағы ақылы автомагистральдың жағдайы бейнеленген видео тарап жатыр. Қазақстандық жүргізушілер жолақысы тұрақты түрде алынатын тасжолдың сапасына алаңдаушылық білдіріп, ұлттық оператор «ҚазАвтоЖол» компаниясының назарын осы мәселеге аударуды сұрауда, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Данияр Қапаровтың парақшасында жарияланған бейнежазба қоғамда қызу талқыға түсті. Түнгі уақытта түсірілген кадрлардан көліктің тасжолдағы шұңқырлар мен дөңестердің үстімен өтіп, секіріп кеткенін көруге болады. Автомобильді басқару қауіпсіздігін сақтау үшін жүргізуші жылдамдықты азайтып, тежегішті басуға мәжбүр болған.

«Қараңыздаршы, қазір қандай дөңес болады. ҚазАвтоЖолға хабарластым, жасаймыз дейді. Бірақ бұл дөңес кеше не бүгін ғана пайда болған жоқ қой!» – дейді.

Жүргізушілердің айтуынша, мұндай тегіс емес учаскелер магистральдың бірнеше тұсында кездеседі. Әсіресе Батпақ ауылы маңындағы көпір аумағында жол жабынының сапасы сын көтермейді. Тіпті, олардың сөзінше, кедергілердің көптігі соншалық, «бастан-аяқ камераға түсіріп баруға болады».

Жұртшылықты мазалайтын негізгі мәселе – ақылы жолдың тиісті талапқа сай болмауы. Жүргізушілер ақылы тасжолдар қауіпсіздік пен сапалы инфрақұрылымды қамтамасыз етуі керек деп есептейді. Бейнежазба авторы да жол үшін ақша төлейтінін еске салып, мәселені шешу үшін кімге жүгінерін білмейтінін жеткізді. Мұндай кедергілер жоғары жылдамдықпен (сағатына 100-120 шақырым) келе жатқан көліктер үшін, әсіресе түнгі уақытта, апаттық жағдай тудыруы ықтимал екені жасырын емес.

Желі қолданушылары бейнежазба астында авторды қолдап, өз тәжірибелерімен бөлісуде. Көпшілігі осы учаскеде көліктеріне зақым келгенін айтып, шағым қалдырған. Халық «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен жауапты ведомстволардан жолдың апатты учаскелерін тексеріп, жөндеу жұмыстарын жедел жүргізуді сұрап отыр. Әзірге құзырлы органдар тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ, ал жүргізушілерге аталған бағытта барынша мұқият болу ұсынылады.

Барлық жаңалық