Алматы облысында жаяу жүргіншілерге арналған көпірмен атпен өткен бір топ ер адам жазаланды, деп хабарлады өңірлік полиция департаменті.
25 ақпанда ұлттық автожол операторының Telegram-арнасында Алматы – Шелек – Қорғас тасжолында түсірілген видео жарияланды. "ҚазАвтоЖол" бұл көпірлер тек жаяу жүргіншілерге арналғанын еске салып, жолды осылай кесіп өтпек болғандар көкпаршылар екенін айтты.
Полиция бейнежазбаның өткен жылдың соңында түсірілгенін нақтылады. Сондай-ақ, құқық бұзушылықты анықтауға көмектескен авторға алғыс білдірді.
"Барлық қатысы бар тұлғалар анықталып, полицияға жеткізілді және қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылды, әкімшілік қамауға алуға дейін шаралар қабылданды", – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.