Қазақстанда жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында ақылы автожолдарда жүргізушілерге арналған лазерлік ескерту жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл туралы ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы мәлімдеді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Аталған технологияны сынақтан өткізу 2025 жылдың қыркүйек айында басталған. Алғашқы құрылғы Астана – Теміртау бағытындағы республикалық маңызы бар тасжолға орнатылған.
Қазіргі таңда лазерлік жүйе еліміздің республикалық жолдар желісіндегі 22 учаскеде жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында:
– Астана – Щучинск
– Астана – Теміртау
– Алматы – Қорғас
– Алматы – Қонаев
– Астана – Павлодар
– Көкшетау – Петропавл
– Шымкент – Тараз
– Тараз – Қайнар
– Шымкент – Қызылорда
– Шымкент – Өзбекстан шекарасы
– Қызылорда – Арал
– Қандыағаш – Мақат
– Орал – Ресей шекарасы (Самара бағыты)
– Орал – Ресей шекарасы (Саратов бағыты)
– Үшарал – Достық
– Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы бағыты)
– Павлодар – Қалбатау
– Балқаш – Бурылбайтал
– Шу – Бурылбайтал
– Бейнеу – Ақжігіт
– Қостанай – Ресей шекарасы (Троицк бағыты)
– Қостанай – Денисовка
Жаңа технология әсіресе түнгі уақытта және көру мүмкіндігі шектелген жағдайларда тиімді. Лазерлік сызықтар жолда анық бағыт-бағдар беріп, жүргізушінің қозғалысын түзетуге көмектеседі, ұйқышылдықтың алдын алады және зейінді арттырады.
Мамандардың айтуынша, мұндай жүйелер ұзақ жол учаскелерінде ерекше тиімді. Себебі бұл жерлерде жол белгілері мен сызықтар кейде анық көрінбеуі мүмкін.
Компания дерегінше, лазерлік ескерту жүйесін енгізу жол-көлік оқиғаларының санын 40-50 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.