Жаңалықтар

«Қазақтелеком» СҚО-дағы шалғай ауылды толықтай оптикалық желіге көшірді

«Қазақтелеком» СҚО-дағы шалғай ауылды толықтай оптикалық желіге көшірді

Солтүстік Қазақстан облысындағы Талшық ауылы өңірде оптикалық желімен толық қамтылған алғашқы елді мекен болды. «Қазақтелеком» мұнда телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын аяқтады. Бұған дейін тұрғындар мыс желісі арқылы интернет пайдаланса, енді олар жылдамдығы 500 Мбит/с-қа дейін жететін GPON технологиясының қызығын көріп отыр, деп жазады Ozgeris.info.

Талшық Петропавл қаласынан 300 шақырымнан астам жерде орналасқан. Осы уақытқа дейін ауыл тұрғындары жылдамдығы 12 Мбит/с-қа жетер-жетпес мыс желісі арқылы интернет пайдаланған. Енді оптикалық желі бүкіл ауылға тартылып, үш мыңнан астам тұрғын жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізді. Нәтижесінде тұрғындарға қолжетімді интернет жылдамдығы 40 еседен астам өсті. Бұл үлкен көлемдегі файлдарды жылдам жүктеуге, білім беру платформаларын пайдаланып, қашықтан жұмыс істеуге және бейнеконтентті кедергісіз көруге мүмкіндік береді.
«Қазақтелеком» мамандарының айтуынша, оптикалық желіге көшудің артықшылығы тек интернет жылдамдығымен шектелмейді. Мұндай желі тұрақты байланысты қамтамасыз етеді, сыртқы кедергілердің әсеріне аз ұшырайды және алдағы уақытта деректер көлемі артқан жағдайда да жоғары жүктемеге төтеп бере алады.

«Мыс желісінен оптикалық технологияға көшу абоненттерге көрсетілетін қызмет сапасын айтарлықтай жақсартады. Оптикалық талшық жоғары жылдамдық пен тұрақты байланысты қамтамасыз етеді, сондай-ақ болашақта интернет жылдамдығын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді. Талшық үшін ең маңыздысы – бүгінде заманауи технологиялар елді мекеннің облыс орталығынан қаншалықты алыс орналасқанына қарамастан қолжетімді болып отыр»,  – деді «Қазақтелеком» АҚ Солтүстік Қазақстан қолжетімділік желісін пайдалану департаментінің директоры Станислав Елисеев.

Оптикалық желіге көшкеннен кейінгі айырмашылықты Талшық тұрғындары да байқап үлгерді. Ауыл тұрғыны Тимур Мусиннің айтуынша, әсіресе үлкен көлемдегі файлдарды жүктеу жылдамдығы айтарлықтай өзгерген. Бұрын көлемді файлдарды түні бойы жүктеуге тура келсе, қазір оған небәрі бірнеше минут жеткілікті.

«Бұрын интернет жылдамдығы шамамен 7–8 Мбит/с болатын, ал кешкі уақытта желіге түсетін жүктеме көбейгенде 5 Мбит/с-қа дейін төмендейтін. Көлемі 10 гигабайт файлды жүктеу үшін әдетте түнге қалдыратынбыз. Қазір жылдамдық 520 Мбит/с-қа дейін жетеді, ал 40 гигабайт шамамен 15–20 минутта жүктеледі. Айырмашылық, әрине, бірден байқалады. Интернетті ойын ойнауға, видео көруге пайдаланамыз. Ең бастысы, балалар теледидардан мультфильмдерін емін-еркін көре алады, бәрі қалыпты жұмыс істейді», — дейді Талшық ауылының тұрғыны Тимур Мусин.

Компания ауылдарда оптикалық инфрақұрылымды дамытуды қалалар мен шағын елді мекендер арасындағы цифрлық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасындағы айырмашылықты біртіндеп азайтудың маңызды бағыттарының бірі деп санайды.

«Тұрғын үшін үлкен қалада немесе облыс орталығынан жүздеген шақырым жердегі ауылда тұруы маңызды болмауы керек. Бүгінде қалыпты жұмыс істеу, білім алу және цифрлық сервистерді пайдалану мүмкіндігі байланыс сапасына тікелей байланысты. Сондықтан Талшық сияқты шалғай елді мекендерде де заманауи оптикалық инфрақұрылымның пайда болуы біз үшін маңызды», — деді Солтүстік өңірдің коммерциялық қызмет жөніндегі өңірлік директоры Алена Ляпунова.

Айта кетейік, Талшық – Солтүстік Қазақстан облысында толықтай оптикалық желіге көшірілген алғашқы ауыл.

Барлық жаңалық