2026 жылдың басынан бері Қазақстанның республикалық маңызы бар ақылы жолдарымен 503 мыңнан астам шетелдік көлік жүрген. Олардың басым бөлігі Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметінде айтылған,деп хабарлайды Ozgeris.info.
Шетелдік көліктер арасында Ресей бірінші орында тұр. Жыл басынан бері Қазақстанның ақылы жолдарын 209 мыңға жуық ресейлік автокөлік пайдаланған. Одан кейін Қырғызстаннан 98,6 мың, Өзбекстаннан 97,1 мың және Қытайдан 23,7 мың көлік келген.
Әсіресе Қытайдан келетін көліктер саны артқан. 2025 жылы Қазақстанның ақылы жолдарымен осы елдің 11,6 мың автокөлігі жүрсе, 2026 жылы бұл көрсеткіш 23,7 мыңға жеткен.
Жыл басынан бері шетелдік көліктердің ақылы жолдармен 23,6 миллионнан астам рет өткені тіркелген. Бұл көрсеткіш бойынша Өзбекстан көш бастап тұр – 7,4 миллион рет. Ресей көліктері 6,1 миллион, Қырғызстан көліктері 3,9 миллион рет тіркелген. Бұл сандар көліктердің жалпы санын емес, олардың ақылы жолдармен жүріп өткен жағдайларын көрсетеді.
Қазақстанның ақылы жолдарын Түркия, Беларусь, Грузия, Армения, Моңғолия, Польша, Литва, Оңтүстік Корея және басқа да елдердің көліктері пайдаланады.
Шетелдік көлік қозғалысының артуы халықаралық тасымалдың дамуына ықпал етіп, жол бойындағы жанармай құю бекеттері, тамақтану орындары, қонақүйлер мен техникалық қызмет көрсету орталықтарына сұранысты арттыруы мүмкін.
«ҚазАвтоЖол» компаниясы республикалық маңызы бар жолдардың сапасын жақсарту, қозғалыс қауіпсіздігін арттыру және жүргізушілерге қолайлы жағдай жасау жұмыстарын жалғастырып жатыр.