Қазақстан халықаралық World Population Review статистикалық платформасы жариялаған Most Powerful Countries 2026 рейтингінде 100 мемлекеттің ішінде 34-орынға ие болды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Рейтинг нәтижесіне сәйкес, Қазақстан бірқатар дамыған және ықпалды мемлекеттерден жоғары орналасты. Атап айтқанда, Дания 36-орында, Біріккен Араб Әмірліктері 37-орында, Оңтүстік Африка Республикасы 38-орында, Норвегия 39-орында, Сауд Арабиясы 40-орында, Пәкістан 42-орында, ал Иран 46-орында тұр.

Фото: worldpopulationreview.com
Most Powerful Countries рейтингі мемлекеттердің халықаралық аренадағы ықпалы мен әлеуетін кешенді түрде бағалайды. Мұнда елдің экономикалық және саяси ықпалы, көшбасшылық рөлі, халықаралық одақтардағы орны және әскери әлеуеті секілді бірнеше фактор ескеріледі.
Осылайша, рейтинг тек экономиканың көлеміне ғана емес, мемлекеттің әлемдік саясаттағы салмағына, халықаралық қатынастардағы ықпалына және стратегиялық мүмкіндіктеріне де назар аударады.
Посткеңестік кеңістіктегі елдер арасында Қазақстан Ресейден кейінгі ең жоғары көрсеткішке ие болды. Ресей рейтингте 11-орынға орналасқан.
Ал Қазақстан Украинадан – 51-орын, Литвадан – 56-орын, Беларусьтен – 57-орын, Өзбекстаннан – 71-орын, Латвиядан – 74-орын, Эстониядан – 75-орын, Армениядан – 80-орын және Грузиядан – 91-орын жоғары тұр.
Рейтингтің алғашқы үштігіне Қытай, АҚШ және Үндістан кірді. Сондай-ақ алғашқы ондықта Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция, Ұлыбритания, Мексика және Италия бар.
Қазақстанның 34-орынға орналасуы елдің халықаралық деңгейдегі ықпалы мен әлеуетінің жиынтық бағалау бойынша жоғары көрсеткішке ие болғанын аңғартады. Бұл нәтиже Қазақстанның тек өңірлік деңгейде ғана емес, әлемдік аренада да саяси, экономикалық және стратегиялық салмағы бар мемлекет ретінде бағаланатынын көрсетеді.