Қазақстанда халыққа жеке тұрғын үй құрылысы үшін 10 сотық жер телімін беру процесі қайта жанданды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті inbusiness.kz порталының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Ведомство өкілдері бұл үдерістің бұрын инфрақұрылымның жоқтығынан немесе заңдағы өзгерістерге байланысты жергілікті әкімдіктер деңгейінде тоқтап қалғанын айтты. Енді сол шектеулер алынып, өтініштерді қарау жұмыстары қайта басталды.
Елімізде жер кезегі жылдар бойы жылжымай тұрған еді. Жер кодексіне сай ауызсу мен жарық тартылмаған учаскелерді халыққа беруге тыйым салынған. Орталық су құбыры болмаса да, электр желісі міндетті түрде болуы шарт. Инженерлік желілерді тарту жұмыстары әртүрлі бюджеттен қаржыландырылады. Жарық, су және газ тартуға республикалық бюджет жауап берсе, кәріз, жылу желілері мен ішкі жолдар жергілікті әкімдіктердің қазынасынан бөлінеді.
«2017-2023 жылдары жеке тұрғын үй құрылысына инфрақұрылым тарту жұмыстары ұлттық жоба аясында жүргізілді. Ал 2023 жылдан бастап бұл жұмыс тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде жалғасып жатыр», – деп хабарлады комитеттегілер.
Қазір жер алу процесі толықтай цифрлық форматқа көшкен. Республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда шешімдер жер комиссиясының қатысуынсыз қабылданады. Азаматтар eGov.kz порталы арқылы өтінім бере алады. Содан кейін құжат автоматты түрде Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры жүйесіне түсіп, сол жерде шекарасы сызылады. Шешімнің қорытындысы өтініш берушінің жеке кабинетіне жіберіледі.
Тегін жер алу ережелері бұрынғыдай қатаң сақталады. Учаске әр азаматқа тек бір рет 10 сотық көлемінде тегін беріледі. Меншік құқығы сол жерге үй салынғаннан кейін ғана рәсімделеді. Оған қоса жерді бұрын алған-алмағаны мемлекеттік корпорация арқылы міндетті түрде тексеріледі. Өз кезегіңізді аталған жүйенің кезектілер тізілімі бөлімінен көре аласыз.