Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге бағытталған интернет-алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды деп жазады Оzgeris.info. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова мәлімдеді.
Оның айтуынша, қаскөйлер әлеуметтік желілер мен бейнеплатформаларда «ойындарды бұзу», «бонус алу», «жабық функцияларға қол жеткізу» сияқты мазмұндағы видеоларды белсенді түрде таратып жатыр. Аталған видеоларда бөгде сілтемелер көрсетіледі, көбінесе олар Telegram-арналарға бағыттайды.
Сілтеме арқылы өткен балаларға «верификациядан өту», «ID-қолжетімділік алу» немесе басқа да әрекеттерді орындау ұсынылады. Осыдан кейін алаяқтар психологиялық қысым көрсете бастайды. Олар баланың телефоны бұзылғанын, жеке деректеріне, хат алмасуына немесе аккаунттарына қол жеткізілгенін айтып қорқытады.
Қорқыныш пен үрей сезімін пайдаланған қаскөйлер кәмелетке толмағандардан ақша аударуды талап етеді.
Насымжан Оспанова ата-аналарға балаларымен интернеттегі қауіпсіздік мәселесі жөнінде жиі әңгімелесіп, бейтаныс сілтемелерге өтпеу, жеке деректерді ешкімге бермеу керектігін түсіндіруге шақырды. Сондай-ақ күмәнді жағдайлар туындаған кезде бірден ата-аналарға немесе тиісті органдарға хабарлау қажет екенін ескертті.