Қазақстанда халықтың ақшалай табысы бір жылда 11,2 пайызға артқанымен, инфляцияны есепке алғанда нақты өсім небәрі 0,7 пайызды құрады, деп хабарлайды Ozgeris.info
Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының 2026 жылдың екінші тоқсанына қатысты деректерінде айтылған.
Ведомство мәліметінше, биыл сәуір-маусым айларында жан басына шаққандағы орташа ақшалай табыс айына 263 691 теңгеге жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 237 159 теңге болған. Осылайша, бір жылда табыс 26 532 теңгеге көбейген.
Бірақ осы кезеңде тұтыну бағалары 10,4 пайызға өскен. Соның нәтижесінде халықтың нақты ақшалай табысы небәрі 0,7 пайызға артты. Бұл азаматтардың табысы ақшалай есеппен көбейгенімен, оның сатып алу мүмкіндігі айтарлықтай өзгермегенін көрсетеді.
Өңірлер арасында да елеулі айырмашылық бар. Ең жоғары табыс Алматы қаласында тіркелді. Мұнда жан басына шаққандағы орташа айлық табыс 427 584 теңгені құрады. Одан кейін Астана қаласы – 365 451 теңге және Ұлытау облысы – 313 488 теңге.
Ал ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында тіркелген. Бұл өңірде жан басына шаққандағы орташа табыс 152 711 теңге болды. Жамбыл облысында көрсеткіш 179 360 теңгені, Жетісу облысында 180 101 теңгені құрады.
Осылайша, табысы ең жоғары Алматы қаласы мен ең төменгі Түркістан облысының арасындағы айырмашылық шамамен 2,8 есеге жеткен. Бір қызығы, ақшалай табыс жоғары өңірлердің бәрінде халықтың сатып алу мүмкіндігі артпаған. Мәселен, Атырау облысында жан басына шаққандағы табыс 304 479 теңгені құрағанымен, нақты табыс бір жылда 11,8 пайызға төмендеген. Ұлытау облысында төмендеу 8,5 пайызды, Маңғыстау облысында 6,4 пайызды құрады.
Ал Алматы қаласында нақты табыс 4,7 пайызға, Шығыс Қазақстан облысында 3,3 пайызға, Қостанай облысында 3,1 пайызға өскен.
Статистика халықтың табысы мен тұрмыс деңгейін бағалағанда тек ақшалай көрсеткіштерге сүйену жеткіліксіз екенін көрсетеді. Өйткені табыстың өсуі бағаның қымбаттауын толық өтемесе, азаматтардың сатып алу мүмкіндігі төмендеуі мүмкін.
Айта кетейік, жан басына шаққандағы ақшалай табыс орташа жалақымен бірдей емес. Бұл көрсеткіш халықтың әртүрлі көздерден алатын ақшалай табысын ескере отырып есептеледі.