Қоғам

Қазақстандықтар ертеңгі күніне сенімді бола түсті - зерттеу

Ұлттық статистика бюросы халықтың өмір сапасына қатысты жыл сайынғы зерттеуінің нәтижелерін жариялады. Сауалнама қорытындысы бойынша, ел тұрғындарының басым бөлігі қазіргі жағдайын және болашағын қалыпты оптимизммен бағалайды екен. Ozgeris.info тілшісі жалғастырады. 

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, қазақстандықтардың 53,2%-ы өмір сүру жағдайларына қанағаттанатынын, ал 46,3%-ы ішінара қанағаттанатынын айтты. Ауылдық жерлерде өміріне риза тұрғындардың үлесі айтарлықтай жоғары — 65,4%, ал қалаларда бұл көрсеткіш 51,7% шамасында. Сарапшылар мұны ауылдағы әлеуметтік бірліктің жоғары болуымен және өмірлік күтулердің салыстырмалы түрде төмендігімен түсіндіреді.

Өткен жылмен салыстырғанда қанағаттану деңгейі 52,5%-дан 53,2%-ға дейін өскен. Яғни, халықтың өмірге деген көзқарасы біртіндеп жақсарып келе жатқанын көрсететін маңызды белгі.

Өз денсаулығына қанағаттанатын азаматтардың үлесі 51%, ал ішінара қанағаттанатындар — 46,4%. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 1,5 пайыздық тармаққа артқан. Сарапшылар мұны медициналық қызметтердің қолжетімділігінің артуымен және профилактикалық бағдарламалардың дамуыумен байланыстырады.

Материалдық жағдай тұрғысынан 73,6% респондент өздерін орта табыс иелері қатарына жатқызған. Ал табысын жоғары немесе төмен деп бағалағандардың үлесі аз. Бұл халықтың негізгі бөлігінің экономикалық тұрғыдан тұрақтылығын және сыртқы қиындықтарға қарамастан бейімделу қабілетін көрсетеді.

Ең көңіл қуантатын көрсеткіш — қоғамдық оптимизм. Азаматтардың 73%-ы болашақта оң өзгерістер болады және өмір сүру деңгейі жақсарады деп сенеді. Демек, елде жүргізіліп жатқан реформалар бағытына деген сенімділіктің және қоғамдағы тұрақты әлеуметтік ахуал өзгеріп келеді. 

Жалпы алғанда, зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың ертеңгі күнге сенімін және әлеуметтік-экономикалық саладағы оң серпінді айқын көрсетеді. 

Шешілмеген мәселелер жеткілікті, десе де, ел тұрғындарының басым бөлігі болашаққа үмітпен қарап, өз әл-ауқатының жақсаратынына сенеді.

Барлық жаңалық