Қазақстанда технология саласына бет бұрған қыз-келіншектер көбейіп келеді. Бірі жасанды интеллектіні дамытып жүрсе, енді бірі білім беру мен медицинаға арналған цифрлық жобалар жасап жатыр. Бірақ көп жағдайда әйелдер құрған стартаптарға инвестор табу қиын. Осындай жобаларды қолдау үшін халықаралық Aurora Tech Award премиясы жаңа Aurora Ventures инвестициялық бағдарламасын іске қосты. Енді Қазақстандағы әйелдер негізін қалаған стартаптар 180 мың доллардан 250 мың долларға дейін қаржы ала алады.
Бағдарлама дамушы елдердегі технологиялық жобаларға бағытталған. Яғни енді қазақстандық кәсіпкер қыздардың да халықаралық деңгейде қаржы тартып, жобасын әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндігі бар. Қатысушылар тек инвестиция алып қана қоймай, шетелдік сарапшылармен, инвесторлармен және тәжірибелі менторлармен жұмыс істейді.
Жаңа бастама Aurora Tech Award 2026 финалынан кейін жарияланды. Биыл байқауға әлемнің 127 елінен 3400 өтінім түскен. Бұл – әйелдер технология саласына бұрынғыдан әлдеқайда белсенді араласа бастағанының белгісі.
Aurora Ventures жетекшісі Изабелла Гассеми-Смит әйелдер стартаптарының әлеуеті жоғары болғанымен, қаржыға қол жеткізуі қиын екенін айтады.
«Соңғы бес жылда біз бір нәрсені анық байқадық: әйелдер құрған стартаптар тұрақты әрі мықты бизнеске айналып жатыр. Бірақ олар инвесторлардың қаржысына кешірек әрі тиімсіздеу шарттармен қол жеткізеді», деді ол.
Қазақстан бұл алаңға бөтен емес. 2024 жылы Aurora Tech Award финалы алғаш рет Алматыда өтіп, Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық IT іс-шаралардың біріне айналған еді. Бұған дейін қазақстандық қыз-келіншектер білім беру технологиясы, медицина технологиясы және жасанды интеллект бағытындағы жобаларымен финалға да шыққан.
Бағдарламаның алғашқы кезеңін inDrive компаниясы қолдап отыр. Компания өкілдері дамушы елдердегі әйел кәсіпкерлердің жағдайы ірі нарықтағы бәсекемен бетпе-бет келген жас компанияларға ұқсайтынын айтады.
Ал биылғы Aurora Tech Award жеңімпазы Колумбияның Quipu финтех-стартапы болды. Компания жасанды интеллект арқылы адамның несие төлеу қабілетін бағалайтын жүйе әзірлеген. Жоба авторы Mercedes Bidart 50 мың доллар көлемінде грант иеленді.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай халықаралық бағдарламалар Қазақстандағы стартап экожүйесіне жаңа серпін беруі мүмкін. Себебі елде идеясы мықты болғанымен, қаржы таппай тоқтап қалған жобалар аз емес. Ал шетелдік инвестиция технология саласындағы талантты жастарға үлкен мүмкіндік ашпақ.