Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушыларынан құралған OGMA Racing командасы Сингапурда өткен Aramco STEM Racing World Finals 2026 халықаралық жарысында үздік нәтиже көрсетті. Қазақстан атынан алғаш рет қатысқан команда «Үздік жаңа команда» (Best Newcomer Award) номинациясы бойынша үздік бес үміткердің қатарына енді,деп хабарлайды Ozgeris.info.
Әлемдік финалда 36 елден келген 91 команда бақ сынады. OGMA Racing құрамында Жасмин Әбділдә, Азамат Аймұратов, Анастасия Цой, Әділжан Арыстанбек, Дамир Фазылов, Алихан Қалихан, Жәңгір Елемес және Ибраһим Мұқан өнер көрсетті. Команданы NIS-тегі «Технотория» инженерлік зертханасының меңгерушісі Дулат Байтүленов дайындады.
STEM Racing — оқушылардың инженерлік және технологиялық дағдыларын дамытуға арналған халықаралық жарыс. Қатысушылар «Формула-1» болидтерінің шағын үлгілерін өздері жобалап, құрастырады және олардың жылдамдығын арнайы трассада сынайды. Сонымен қатар командалардың инженерлік шешімдері, жобаны басқару қабілеті мен таныстырылымдары бағаланады.
Жарыс барысында қазақстандық оқушылар өз жобаларын халықаралық сарапшыларға таныстырып, инженерлік әзірлемелерін қорғады. Сондай-ақ басқа елдердің жас инженерлерімен тәжірибе алмасты.
Бұл нәтиже қазақстандық оқушылардың инженерия мен технология саласындағы әлеуетін көрсетіп, отандық STEM-білім берудің халықаралық деңгейде танылуына үлес қосты.