Тәжікстанда өтіп жатқан «Қазақстан медицинасы күндері» аясында академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының мамандары Дүйшанбе қаласында екі күн ішінде 100-ден астам пациентті қабылдап, 10-ға жуық күрделі ота жасады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, отандық дәрігерлер омыртқа хирургиясы, табан мен тобық ортопедиясы, сондай-ақ артроскопия бағыттары бойынша тәжік әріптестерімен тәжірибе бөлісіп, озық технологияларды қолданды.
Бөлім меңгерушілері Мұрат Байдарбеков пен Сейдалы Абдалиев бел омыртқасының дегенеративті стенозы бар пациентке жүйке құрылымдарының декомпрессиясын жасап, транспедикулярлы жүйе мен кейдждер орнатты. Сондай-ақ сколиозы бар 13 жасар қыздың омыртқа деформациясына күрделі коррекция жүргізді.
№2 ортопедия бөлімінің меңгерушісі Қайрат Тәжин жарақаттан кейінгі III дәрежелі тобық артрозы бар 24 жастағы пациентке үшбуынды артродез операциясын жасап, табан деформациясын түзетті.
Бөлім меңгерушісі Нұржан Асанов тізе буынына екі артроскопиялық ота жасап, медиальді менискіні тігіп, капсула-байлам аппаратына пластика жүргізді.
Шараның соңғы күнінде екі ел мамандарының қатысуымен травматология-ортопедия қызметін дамыту, заманауи емдеу әдістері және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мәселелерін талқылайтын бірлескен отырыс өтеді.