Спорт

Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов екі дүркін әлем чемпионы атанды

Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов екі дүркін әлем чемпионы атанды

Финалдық жекпе-жекте қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов ресейлік Вячеслав Рогозинге қарсы шаршы алаңға шықты. Тартысты өткен кездесуде жерлесіміз қарсыласынан басым түсіп, әлем чемпионы атағын қорғап қалды, деп хабарлайды Оzgeris.info.

 

Алғашқы раундта төрешілер пікірі екіге жарылғанымен, екінші раундта Бибосынов айқын басымдық көрсетті. Бұл кезеңде ол қарсыласын 5:0 есебімен жеңді. Шешуші үшінші раундта да Сәкен шапшаңдығы мен дәл соққыларын тиімді пайдаланып, жекпе-жек тағдырын өз пайдасына шешті.

 

Осылайша, Сәкен Бибосынов кәсіби мансабында екі дүркін әлем чемпионы атанды.Әлем біріншілігі барысында қазақстандық боксшы Танзаниядан Факи Исса Факиді, Ботсванадан Катего Кеорапетсені және Замбия өкілі Муенго Муалені жеңіп, финалға дейін сүрінбей жетті.

 

Айта кетейік, 1992 жылы туған Сәкен Бибосынов ұлттық құраманың тәжірибелі спортшыларының қатарында. Ол 2020 жылғы Токио Олимпиадасында қола жүлде иеленсе, әлем чемпионаттарында 2021 жылы алтын, 2019 жылы қола медаль алған. Сонымен қатар, Азия чемпионатында да бірнеше мәрте жүлдегер атанған.

Барлық жаңалық