Қазақстанда екінші және үшінші атом электр станцияларын салу міндетін Қытай өз мойнына алады. Бұл жайында бірінші премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз жиынында мәлім етті, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтемемен.
Оның айтуынша, жобалардың нақты құны әзірге белгісіз, себебі тиісті техникалық және қаржылық есептеулер әлі жүргізіліп жатыр.
– АЭС-тердің құны техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттама дайын болған соң ғана белгілі болады. Қазіргі таңда нақты сандарды айтуға ерте, себебі олар әлі есептелген жоқ. Үкіметаралық келісім және серіктестік форматы секілді мәселелер талқылану үстінде. Кейін бұл құжаттар Парламенттің қарауына ұсынылады, – деді Скляр.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде үш атом электр станциясын салу қажет екенін атап өткен болатын. Осыған байланысты журналистер Роман Склярдан үшінші АЭС-тің құрылысын кім жүзеге асыратынын сұрады.
– Үшінші станцияны да Қытай салатын болады. Қазір бұл бағыттағы жұмыстарды тиісті мемлекеттік орган қарастырып жатыр, – деп нақтылады вице-премьер.