Үкімет 18 тамызда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төлемдер жүргізу тәртібін өзгерту туралы қаулы қабылдады. Жаңа құжат зейнетақы төлемдерін рәсімдеуді жеңілдетіп, процесті барынша цифрландыруға бағытталған деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Негізгі өзгерістердің қатарында проактивті қызмет көрсету бар: енді зейнет жасына жеткенімен, өтініш бермеген азаматтарға төлем автоматты түрде тағайындалады. Бұл үшін БЖЗҚ мен «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы деректермен алмасады.
Сонымен бірге, зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтініш тек электронды форматта қабылданады. Қор әрбір салымшы үшін төлем сомасын жыл сайын қайта есептеп отырады.
Салымшы қайтыс болған жағдайда оның туыстарына жерлеу рәсіміне арналған бір реттік төлем қарастырылған. Оның мөлшері 94 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайды және шоттағы қаражат көлемімен шектеледі.
Міндетті зейнетақы жарналары Салық кодексіндегі талаптарға сай ұсталады, ал кейбір әлеуметтік төлемдерден жарна алынбайды.
Жаңартылған ереже 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді, ал кейбір нормалар 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.