Елімізде үй жануарларын ұстау мен серуендетудің үлгілік ережелеріне маңызды өзгерістер енгізілді. Бұдан былай үй жануарын жайдан-жай көшеге лақтырып кетуге заңды түрде тыйым салынады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Экология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушы бекіткен жаңа бұйрыққа сәйкес, жануар иелеріне нақты міндеттер жүктелді.
Егер иесі үй жануарын әрі қарай ұстай алмаса, оны жауапкершілігі бар басқа адамға, арнайы баспанаға (приют) немесе уақытша ұстау пунктіне өз қолымен өткізуі тиіс.
Жануар уақытша ұстау пунктінде болған кезеңде, оның кейінгі тағдыры (толық иеленуі немесе басқа қолға өтуі) шешілгенше, барлық бағып-қағу шығындарын бұрынғы иесі өтейді.
Жануардан жай ғана бас тарта салу иені жауапкершіліктен босатпайды. Ол жаңа қожайын тапқанша немесе баспанаға ресми тіркелгенше бұрынғы иесінің мойнында болады.