Қазақстан алдағы жылдары ірі инфрақұрылымдық жобаларды қолға алуына байланысты білікті мамандарға деген сұраныс күрт артпақ. Осыған орай Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев шетелдік жұмыс күшін тарту талаптарын жеңілдетіп, мигранттарға берілетін квотаны көбейтуді ұсынды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Tengrinews.kz-ке сілтемемен.
Депутаттың айтуынша, елімізде алдағы уақытта жылу электр орталықтары, үш атом электр станциясы, көлік инфрақұрылымы мен коммуналдық жүйелердің құрылысы секілді ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ. Бұл бастамаларға мыңдаған маман қажет, ал қазірдің өзінде жергілікті кадрлардың жеткіліксіз болуы мүмкін екені байқалып отыр.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының дерегіне сүйенсек: 2025–2035 жылдар аралығында жұмыс күшіне сұраныс шамамен 3 миллион адамды құрайды; оның 813 мыңы – жұмысшы мамандықтары; ең үлкен қажеттілік өнеркәсіп (27%) және құрылыс (11%) салаларында болмақ.Сонымен қатар, жыл сайын еліміздегі заңды тұлғалар саны 4,5 пайызға көбейіп жатыр, алайда бұл өсім әрдайым жаңа сапалы жұмыс орындарының ашылуын білдіре бермейді.
Барлыбаевтың айтуынша, Қазақстан аймақтағы ең жоғары еңбекақы ұсынатын ел ретінде еңбек мигранттары үшін тартымды болып отыр. Ал Еуропа мен Ресейдің миграциялық талаптарды күшейтуі мигранттардың Қазақстанға ағылуын жылдамдатуы мүмкін. Дегенмен шетелдік жұмысшылардың едәуір бөлігі елде заңсыз еңбек етіп, бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін арттырады.
Осы мәселелерді шешу үшін депутат Үкіметке үш ұсыныс жасады:
- Шетелдік жұмыс күшін тарту шарттарын жеңілдету, мигранттардың еңбек құқықтарын қорғап, әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету;
- Кадр тапшылығы байқалатын салаларда квота санын арттыру және оны алуды жеңілдету;
- Еңбек мигранттарына арналған қосымша салық енгізу, оны көтеру немесе төмендету арқылы миграциялық ағынды реттеу.
Депутаттың пікірінше, егер миграцияны біліктілік, салықтық саясат және интеграция бағытында дұрыс реттесе, ол ел экономикасының өсуіне және әлеуметтік тұрақтылыққа оң әсер етеді.