Алматы облысының Іле ауданында Carlsberg Kazakhstan жаңа зауыттың құрылысын бастады. Жобаның инвестиция көлемі – 344 млн доллар, деп жазады Ozgeris.info.
Кәсіпорын 17 гектар аумақта орналасып, жылына 1 млрд литр сусын шығармақ.
Зауыт іске қосылғанда 230-дан астам жұмыс орны ашылады. Өнімдер PepsiCo лицензиясымен өндіріліп, Қазақстан мен Қырғызстанға жеткізіледі. Іске қосылуы 2026 жылға жоспарланған.
Инвесткомитет төрағасы Ғабидолла Оспанқұловтың айтуынша, Carlsberg бұған дейін елге 640 млн доллардан астам қаржы құйған. Жаңа жоба өңірдің азық-түлік өнеркәсібін дамытуға серпін беріп, экспорттық әлеуетті арттырады.
Компания сатып алатын шикізаттың 80%-ы – жергілікті өнім: арпа, бидай, әйнек, алюминий құты, картон.