Қазақстанда салық талаптарын орындамаған шетелдік интернет-платформалардың жұмысы шектелуі мүмкін. Мұндай норма жаңа Салық кодексінде қарастырылған деп хабарлайды ozgeris.info.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2025 жылғы 18 шілдеде қабылданған Салық кодексіне сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық органдары интернет арқылы қызмет көрсететін шетелдік компанияларға қатысты шектеу шараларын қолдана алады.
Интернет-ресурстарды шектеуге екі жағдай негіз болуы мүмкін:
компания салық органында тіркелу туралы хабарламаны орындамаса;
камеральдық бақылау нәтижесінде анықталған айырмашылықтарды жоймаса.
Мамандардың айтуынша, салық органдары тексеру кезінде екінші деңгейлі банктердің төлем деректерін пайдаланады. Банктер интернет-платформалардың Қазақстан аумағындағы қызметіне қатысты төлемдер туралы ақпаратты мемлекеттік органдарға ұсынатын болады.
2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша мәліметтер Мемлекеттік кірістер комитетіне 15 мамырға дейін берілуі тиіс. Осы деректер негізінде төленген салықтар мен нақты төлемдер арасында айырмашылық бар-жоғы тексеріледі.
Егер мұндай сәйкессіздік анықталса, салық органдары интернет-платформаның Қазақстан аумағындағы жұмысына шектеу қою туралы шешім қабылдауы мүмкін.