✅ Пайдалы

Қазақстанда жаңа бизнес бастаймын деушілерге 1,5 миллион теңгеден астам грант беріледі

Қазақстанда жаңа бизнес бастаймын деушілерге 1,5 миллион теңгеден астам грант беріледі

2024 жылғы 11 тамыздан бастап елімізде жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін екінші лек бойынша мемлекеттік гранттар алуға өтініш қабылдау басталады. Бұл туралы ozgeris.info сайты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап мәлімдеді.

 

Мемлекеттен берілетін гранттың мөлшері – 400 айлық есептік көрсеткіш немесе 1 572 800 теңге. Бұл қаражат қайтарымсыз және тек жаңа кәсіп ашуға немесе оны дамытуға жұмсалуы тиіс. Жоспар бойынша республика көлемінде 4 873 грант беріледі. Бір адам тек бір рет қана грант алу құқығына ие.

 

Грант алу үшін не істеу керек?

 

  1. business.enbek.kz сайтына тіркелу;
  2. Жоба шарттарына сай келетініңізді растау;
  3. Бизнес-жоспардың үлгісін жүктеп алып, оны толтырып қайта порталға жүктеу;
  4. Өтініш формасын толтырып, ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) арқылы қол қою.

 

 

Егер компьютер немесе интернет болмаса, Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы және жұмыспен қамту орталықтарындағы өз-өзіне қызмет көрсету аймақтарынан көмек алуға болады.

 

Кімдер қатыса алады?

 

Грантқа үміткер ретінде келесі топтар қарастырылады:

 

  • жұмыссыз ретінде ресми тіркелген азаматтар;
  • жеке кәсіпкерлікпен айналысатындар (тіркеу мерзімі 3 жылдан аспауы тиіс).

 

 

Сонымен қатар, үміткерлер келесі әлеуметтік санаттардың біріне жатуы қажет:

 

  • мүгедектігі бар тұлғалар;
  • “қандас” мәртебесіне ие азаматтар;
  • басқа өңірден көшіп келгендер (қоныс аударушылар);
  • аз қамтылған отбасылардың мүшелері;
  • көпбалалы отбасылардың ата-аналары;
  • мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналар;
  • асыраушысынан айырылған жандарға берілетін жәрдемақы алушылар.

 

 

Сонымен қатар, үміткер «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне арналған оқу курсынан өтіп, соңғы үш жыл ішінде берілген сертификатқа ие болуы тиіс.

 

Қай мақсатта пайдалануға болады?

 

Грант қаржысы мынадай қажеттіліктерге жұмсалуы мүмкін:

 

  • құрал-жабдықтар, еңбекке қажетті құралдар мен техника алу;
  • технологиялық жабдықтар мен мал, құс, көшет, тұқым сатып алу;
  • жалға алынатын орындардың ақысын төлеу.

 

 

Қай мақсатта жұмсауға болмайды?

 

Грант келесі мақсаттарға арналмаған:

 

  • жеке тұтынушылық қажеттіліктерге;
  • несие немесе қарыз өтеуге;
  • тұрғын үй сатып алу немесе салуға;
  • жер телімін сатып алуға;
  • акцизделетін өнім шығаруға.

 

 

Грант қалай беріледі?

 

Өтініштерді аудандық немесе қалалық комиссиялар қарап, шешім қабылдайды. Үміткер өз бизнес-жобасын комиссия алдында таныстырып, қорғауы тиіс. Жоба мынадай критерийлер бойынша бағаланады:

 

  • ұсынылған идеяның бәсекеге қабілеттілігі;
  • сату нарықтарының зерттелуі;
  • қаржылық тұрғыдан тұрақтылығы;
  • үміткердің кәсіпкерлік қабілеті;
  • жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі.

 

 

Комиссия шешімі әр үміткердің жеке кабинетіне портал арқылы жолданады. Егер шешім оң болса, қатысушы өз банк реквизиттерін тапсырып, келісімшартқа электрондық түрде қол қояды. Бұдан кейін ол бөлінген қаражатты қалай пайдаланып жатқанын тоқсан сайын есеп беру арқылы көрсетіп отырады. Барлық процесс онлайн жүргізіледі, ешқайда барып қажеті жоқ.

Барлық жаңалық