💰 Экономика

Қазақстанда ет неге қымбаттап жатыр?

Кейінгі айларда елде ет бағасы айтарлықтай қымбаттап кеткені байқалады. Бұл жағдай қоғамда түрлі пікір туғызып, тіпті «қазақтың қолындағы мал азайып бара жатыр ма?» деген сұрақ та көтерілді, деп жазады Ozgeris.info. 

Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі мұндай қауесетті жоққа шығарып, ет бағасының өсуіне мүлдем басқа себептерді атады.

Министрліктің мәліметінше, биылғы жылдың алты айында мал саны керісінше көбейген. Ірі қара – 8,8 млн бас, өсім +8,3%. Қой – 21,5 млн бас, өсім +0,8%. Жылқы – 4,7 млн бас, өсім +4,7%. Түйе – 301 мың бас, өсім +4,5%. Құс – 47,7 млн бас, өсім +2,7%. Яғни, малдың азаюы емес, санының көбеюі байқалып отыр.

Ет бағасының өсуіне бірнеше фактор әсер етіп отыр. Олар жанар-жағармайдың қымбаттауы, электр қуаты, су және жылу тарифтерінің көтерілуі, мал азығының бағасының өсуі, сыртқы нарықтағы сұраныстың артуы және делдалдардың белсенділігі. Бұл жағдай еттің өзіндік құнын арттырып, базардағы соңғы бағаға тікелей әсер етіп жатыр. 

Соған қарамастан, Қазақстандағы ет өндірісі биыл 1,5%-ға өсіп, 529 мың тоннаға жеткен. Бұл көлем ішкі сұранысты толық қамтамасыз етеді әрі экспортты да жалғастыруға мүмкіндік береді.

Ендеше, елдегі ет қымбаттауы мал басының азаюынан емес, өндірістің өзіндік құнының артуынан болып отыр. Бағаның көтерілуіне жанармай мен коммуналдық қызметтердің тарифтері, жем-шөптің қымбаттауы және сыртқы сұраныс басты себеп болып тұр.

Барлық жаңалық