Қазақстанда 2027 жылы ең төменгі жалақы мөлшері өсуі мүмкін, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, қазіргі бюджет жобасында ең төменгі жалақы 85 мың теңге көлемінде белгіленген. Алайда Үкімет оны көтерудің бірнеше нұсқасын қарастырған. Әзірге олардың ешқайсысы бюджет жобасына енгізілмеген.
«Жақын арада талқылау нәтижелері жарияланады деп ойлаймын. Алайда нақты мерзімін айта алмаймын. Бұл – жақын арада шешілуі мүмкін мәселе. Егер ең төменгі жалақыны көтеру туралы шешім қабылданса, жаңа мөлшер келесі жылдан бастап қолданылады», – деді министр Құрылтайда өткен брифингте.
Серік Жұманғарин бюджет жобасы үш оқылымда қаралатынын айтып, мәселені талқылауға әлі де уақыт бар екенін жеткізді. Оның сөзінше, егер жалақыны көтеру туралы шешім қабылданса, жаңа мөлшер 2027 жылдан бастап қолданылады.
Айта кетейік, Қазақстанда ең төменгі жалақы 2024 жылдан бері 85 мың теңге деңгейінде сақталып келеді. Оған дейін бұл көрсеткіш 70 мың теңге болған. Ал 2025 жылы депутаттар ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеруді ұсынған еді.