Жаңалықтар

Қазақстанда бензин бағасы мен автогаз тапшылығына байланысты жедел желі ашылды

Қазақстанда бензин бағасы мен автогаз тапшылығына байланысты жедел желі ашылды

Энергетика министрлігі елде бензин бағасының өсуі мен автогаз жетіспеушілігіне қатысты шағымдарды қабылдау үшін тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желі іске қосқанын хабарлайды Оzgeris.info сайты КазТАГ сайтына сілтемемен.

 

Министрлік мәліметінше, кей өңірлерде АИ-92 бензині мен дизель отынының бағасына қойылған мораторий бұзылып, кей жанармай бекеттерінде сұйытылған газ уақытша тапшы болған. Энергетика министрлігі бұл жағдайларды бақылауға алып, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және өңірлік штабтармен бірлесіп, алыпсатарлық пен жасанды тапшылыққа жол бермейтінін мәлімдеді.

 

«Азаматтардан АИ-92 бензинінің қымбаттауы немесе жанармайдың болмауы жағдайында жедел желіге хабарласуды сұраймыз: +7 701 855 0248», – делінген министрлік хабарламасында.

 

Министрліктің мәліметінше, өңірлердің өтінімдеріне сәйкес барлық қажетті көлемдегі бензин мен дизель отыны мұнай базаларына жеткізілген.


«Отын тапшылығына объективті себеп жоқ», – деп атап өтті ведомство.

 

Сұйытылған газ бойынша министрлік бір зауыттағы жоспарлы жөндеу жұмыстары алдын ала ескеріліп, жоғары сұраныс байқалған аймақтарға қосымша көлем бөлінгенін айтты.

 

«Кейбір газ бекеттерінде байқалған кезектер ішкі логистика мен бөлініс мәселелеріне байланысты, бұл жүйелі тапшылық емес», – делінген хабарламада.

 

Энергетика министрлігі жедел желі тәулік бойы, аптасына жеті күн жұмыс істейтінін хабарлады.


«Әрбір шағым жеке қаралады. Егер фактілер расталса, нарықтағы жауапсыз кәсіпкерлерге тиісті шаралар қолданылады», – деп мәлімдеді министрлік өкілдері.

 

Айта кетейік, 16 қазанда елде АИ-92 маркалы бензин бағасын өсіруге мораторий енгізілген болатын. Ал 29 қазанда Солтүстік Қазақстан облысында бензин тапшылығының қолдан жасалғаны туралы ақпарат тараған еді.

Барлық жаңалық