Жаңалықтар

Қазақстанда байлар мен кедейлер арасындағы айырмашылық күшейді

Халықаралық зерттеулерге сәйкес, Қазақстанда соңғы жылдары табыс пен мүлік теңсіздігі айтарлықтай артып, елді әлемдегі ең жоғары көрсеткішке ие мемлекеттердің қатарына енгізді деп хабарлайды ozgeris.info сайты lada.kz сайтына сілтеме жасап.

 

Мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда байлықтың басым бөлігі халықтың аз ғана бөлігінің қолында шоғырланған. Бұл ретте орташа және төмен табысты азаматтардың үлесіне бар болғаны аз бөлігі ғана тиеді. Сарапшылардың айтуынша, мұндай құбылыс әлеуметтік теңгерімсіздіктің тереңдеуіне алып келеді.

 

Әлемдік рейтингте Қазақстан Оңтүстік Африка, Бразилия және Үндістан сынды мемлекеттердің қасында тұр. Ал Еуропаның бірқатар елдерінде, керісінше, табыс айырмашылығы азайған. Мысалы, Ұлыбритания, Швейцария және Францияда соңғы бес жылда теңсіздік көрсеткіші төмендеген.

 

Экономистердің пікірінше, Қазақстандағы теңсіздіктің басты себебі – капиталдың аз ғана топтың қолына шоғырлануы және орта таптың әлсіздігі. Мамандар алдағы уақытта мемлекет тарапынан табысты қайта бөлуге бағытталған нақты шаралар қабылданбаса, қоғамдағы әлеуметтік алшақтық одан әрі ұлғаятынын ескертті.

Барлық жаңалық