Құрылтайда өткен брифингте ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздегі ауқатты азаматтардың санын атады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«А санатына 70 мыңнан сәл астам адам кіреді. Қазір санаттарға талдау жүргізіліп жатыр. Әр азаматқа тиісті хабарлама жіберіледі. Бұл бағытта жұмыс жалғасып жатыр. Қателік болмауы керек. Мемлекеттің емес, азаматтардың мүддесі жағына қарай қателескеніміз дұрыс», – деді Серік Жұманғарин.
Еске салайық, Отбасының цифрлық картасы үй шаруашылықтарын әлеуметтік әл-ауқаты бойынша бес санатқа бөледі:
А санаты – әл-ауқаты жоғары;
В санаты – ауқатты;
С санаты – әл-ауқаты қанағаттанарлық;
D санаты – экономикалық тұрғыдан осал;
E санаты – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал.
А санатына жатқызудың бір көрсеткіші ретінде отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыстың күнкөріс минимумының жеті есесінен асуы қарастырылуы мүмкін. Бұл айына 350 мың теңгеден астам соманы құрайды. Алайда жалақысы 350 мың теңгеден асатын әрбір қазақстандық автоматты түрде бай санатына жатқызылмайды.