Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин Мәжілісте Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді таныстырды.
"Біз ҚҚС бойынша дифференцияланған мөлшерлемені ұсынамыз. Жалпы белгіленген мөлшерлеме 16% болады – бұл базалық көрсеткіш. Екінші нұсқа – агроөнеркәсіп кешені үшін ҚҚС-тан толық босату. Сонымен қатар, ерікті тіркеу құқығы сақталады", – деді ол.
Оның айтуынша, салық төлеуші өз еркімен ҚҚС төлеуші болғысы келсе, оған мүмкіндік беріледі.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласы үшін 10%-дық аралық мөлшерлеме ұсынылып отыр.
Кәсіпкерлермен кездесулерден кейін көптеген ұсыныстар түскенін айтқан вице-министр, ҚҚС мөлшерлемесін азық-түлік пен басқа да тауарларға төмендету бастамалары болғанын жеткізді.
Мәжіліске ұсынылған құжаттарда ҚҚС мөлшерлемесіне қатысты толық ақпарат берілген.
"Дамуды ынталандыру үшін 10%-дық аралық мөлшерлемені туризм, IT, креативті индустрия және азық-түлік өндірісі сияқты бірқатар салаларға қолдану қарастырылуда", – делінген құжатта.