Жаңалықтар

Қазақстан ТМД кеңістігіндегі көшуге ең қолайлы ел атанды

Қазақстан ТМД кеңістігіндегі көшуге ең қолайлы ел атанды

Қазақстан ТМД елдері арасында қоныс аударуға ең қолайлы мемлекет ретінде танылды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты POVestka телеграм арнасына сілтеме жасап. 

Rumavi компаниясы 2026 жылға арналған Жаһандық релокация индексін (Global Relocation Index) жариялады. Зерттеу барысында әлемнің 192 елі төрт негізгі бағыт бойынша бағаланған. Атап айтқанда, қаржылық жағдай мен салық жүйесі, өмір сүру сапасы және денсаулық сақтау, қауіпсіздік пен тұрақтылық, сондай-ақ көшу және жаңа ортаға бейімделу жеңілдігі ескерілген.

Рейтинг қорытындысы бойынша Қазақстан 100 мүмкін ұпайдың 62,9-ын жинап, әлем бойынша 77-орынға тұрақтады. Осылайша ел ТМД мемлекеттерінің ішінде ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

Сарапшылар Қазақстанды, әсіресе, қашықтан жұмыс істейтін мамандар мен цифрлық көшпенділер үшін тартымды бағыттардың бірі деп бағалаған. Бұған елдегі қаржылық қызметтердің жоғары деңгейі (79 ұпай), тұрғын үй бағасының салыстырмалы түрде қолжетімді болуы және коммуналдық қызметтердің әлемдік деңгеймен салыстырғанда арзандығы әсер еткен.

Ал өмір сүру сапасы, денсаулық сақтау жүйесі, қауіпсіздік пен тұрақтылық көрсеткіштері бойынша Қазақстан 60 ұпайдан алған.

ТМД елдері арасындағы рейтинг төмендегідей қалыптасты:

  • Қазақстан – 62,9 ұпай (әлемде 77-орын);
  • Армения – 62,2 ұпай (86-орын);
  • Әзербайжан – 61,5 ұпай (91-орын);
  • Өзбекстан – 59,9 ұпай (110-орын);
  • Қырғызстан – 59,3 ұпай (118-орын);
  • Ресей – 58,9 ұпай (121-орын);
  • Беларусь – 58 ұпай (129-орын);
  • Тәжікстан – 55,1 ұпай (137-орын);
  • Түрікменстан – 52,3 ұпай (155-орын).

Зерттеу авторларының пікірінше, Қазақстанның өңірдегі көшбасшылығы оның қолжетімді өмір сүру шығындары, қаржылық инфрақұрылымы және салыстырмалы түрде жайлы көші-қон жағдайларымен байланысты.

Барлық жаңалық