Биыл Қазақстан ұлттық валютасы теңгенің айналымға енгізілгеніне 31 жыл толды. 1993 жылы 15 қарашада тәуелсіз ел алғаш рет өз ақшасын қолданысқа шығарып, экономикалық дербестіктің маңызды қадамын жасады. Теңгенің қабылдануы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі күрделі экономикалық жағдайда бағаны тұрақтандыруға, қаржы жүйесін қалыптастыруға және ұлттық экономиканы басқарудың жаңа кезеңіне жол ашты деп хабарлайды Оzgeris.info.
Ұлттық валютаны дайындау жұмыстары 1992 жылы басталып, алғашқы үлгілері Ұлыбританияда басылып шықты. Тұңғыш банкноттарда қазақтың тарихи тұлғалары – Әбу Насыр әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан Уәлиханов және Әбілқайыр ханның суреттері бейнеленді. 1993 жылдың 15 қарашасында теңге ресми айналымға енгізіліп, сол күн кейін ұлттық валюта күні ретінде бекітілді.
Теңге жылдар бойы бірнеше рет жаңарды.Қазақстан Ұлттық банкі ұлттық валютаның жаңа буынын «Сақ стилі» деп аталатын банкноталар сериясын ресми түрде айналымға енгізе бастады. Алғашқы жаңа купюра – 5 000 теңгелік банкнота 2023 жылдың 25 желтоқсанында қолданысқа шықты.Жаңа серияның дизайны ежелгі сақ мәдениеті, табиғат және ұлттық символика негізінде әзірленген. Банкноталарда «өмір ағашы», қыран бейнесі, ДНҚ спиралі мен шексіздік тәрізді элементтер көрініс тапқан.
Ұлттық банк мәліметінше, жаңа теңгелерде әлемдік деңгейдегі қауіпсіздік технологиялары қолданылған. Олардың қатарында ерекше оптикалық эффект беретін RollingStar® Patch, қозғалыста көрінетін микро-оптикалық жіптер және заманауи қорғаныс жабыны бар.
Қазіргі теңге халықаралық стандарттарға сай қорғаныс деңгейімен ерекшеленеді және Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігінің басты рәміздерінің бірі саналады.