Жаңалықтар

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланды

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланды

Қазақстанда ауқымды конституциялық реформа аясында жаңа Конституцияның жобасы жұртшылық назарына ұсынылды. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия әзірлеген құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен мыңдаған ұсынысты талдау нәтижесінде дайындалған деп хабарлайды Оzgeris.info.

 

Ата Заңды жаңарту бастамасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір палаталы Парламент құру туралы ұсынысынан бастау алды. Президент бұл идеяны 2025 жылғы 8 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында елдің саяси жүйесін жаңғырту және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның дамуына серпін беру мақсатында көтерген болатын.

 

2025 жылғы қазанда парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылып, оған құқықтанушылар, сарапшылар, партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдері кірді. Сонымен қатар, барлық белсенді азаматтар e-Otinish және eGov порталдары арқылы өз ұсыныстарын жолдауға мүмкіндік алды. Алты айға созылған талқылау барысында екі мыңнан астам ұсыныс қаралды.

 

2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент атқарылған жұмысты қорытындылап, бастапқыда 40 бапқа ғана өзгеріс енгізу жоспарланғанын, алайда түзетулер көлемі әлдеқайда ауқымды болғанын атап өтті.

 

21 қаңтарда 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, мемлекеттік органдар, БАҚ, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер өкілдері енді. Комиссияға Конституциялық Соттың төрағасы Эльвира Азимова жетекшілік етеді, ал оның орынбасарлары ретінде Ерлан Қарин мен Аида Балаева белгіленді.

 

Комиссия жұмысы толықтай ашық форматта өтіп, отырыстар тікелей эфирде көрсетілді. Нәтижесінде Конституцияның барлық бөлімін қамтитын, 77 бапқа өзгеріс енгізуді көздейтін жаңа редакция әзірленді. Бұл – қолданыстағы мәтіннің 84 пайызы.

 

Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – адам құқықтарына бағдарлануы. Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде алғаш рет айқын көрсетілді. Егемендік, тәуелсіздік, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітілді. Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатты қорғау қағидаттары Конституция деңгейінде нақтыланды.

 

Сондай-ақ, білім, ғылым, мәдениет пен инновация мемлекеттің болашақ дамуының басты тірегі ретінде айқындалды. Конституцияда алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау туралы норма енгізілді.

 

Неке ер мен әйелдің тең құқықты, ерікті одағы ретінде белгіленіп, зайырлы мемлекет қағидаты, білім беру жүйесінің бейтараптығы нақты бекітіледі.

 

Конституция жобасындағы негізгі жаңалықтардың қатарында: 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрылуы; Заң шығару бастамасы құқығына ие Қазақстанның Халық Кеңесінің енгізілуі; Вице-президент институтының құрылуы; Адвокатура, зияткерлік меншік, кінәсіздік презумпциясы мен «Миранда ережесінің» Конституцияда бекітілуі бар.

 

Жаңа Конституция жобасында ескірген терминология жаңартылып, мемлекеттің тарихи сабақтастығы мен болашаққа бағытталған дамуы қатар көрініс тапқан.

 

Құжатта Преамбула, 11 бөлім және 95 бап қарастырылған. Ұсыныстар қабылдау e-Otinish және eGov порталдары арқылы жалғасуда. Ал жаңа Конституция бойынша түпкілікті шешімді қазақстандықтар жалпыұлттық референдумда қабылдайды.

 

Конституциялық комиссияның жұмысы әлі де жалғасып жатыр.

Барлық жаңалық