💰 Экономика

Қазақстан «Қайрат» – «Реал» матчынан қанша пайда көрді?

Алматыда өткен «Қайрат» пен мадридтік «Реалдың» ойыны тек футбол жанкүйерлерінің мерекесі болып қана қойған жоқ, сонымен бірге қаланың туризмін қыздырып жіберді. Ресми деректерге сүйенсек, 3 күннің ішінде 5 200-ден астам шетелдік қонақ Алматыға арнайы келіп, қонақүйлерге орналасты, деп жазады Ozgeris.info.

Көпшілігі дәл осы көптен күткен матчқа келген жанкүйерлер. Туристердің басым бөлігі Қытайдан 1400-ден аса адам. Екінші орында Ресей азаматтары – 969 жанкүйер. Одан кейін Үндістаннан 365, Кореядан 249 және Өзбекстаннан 246 адам келген.

Экономикалық әсері де аз емес. Kazakh Tourism-нің есебінше, келген қонақтар Алматыда шамамен 7,8 миллион доллар немесе 4,2 миллиард теңге жұмсаған. Бір турист орта есеппен 1 500 доллар шығындапты. Бұл ақша қонақүй, мейрамхана, көлік, ойын-сауық және шопингке кеткен. Яғни, тікелей қаладағы шағын және орта бизнесті қолдап, қызмет көрсету саласына жаңа серпін берді.

Мұндай халықаралық шаралардың экономикалық қайтарымы айқын байқалады. Жақында өткен Дженнифер Лопестің концертіне 27 мың адам қатысып, 10 миллиард теңге табыс түскен. Оның ішінде 5 миллиарды шетелдік туристердің қалдырған ақшасы екен.

 

Барлық жаңалық