Жаңалықтар

Қазақстан Орталық Азиядағы әуе жолаушылар тасымалы нарығында көш бастап тұр

Қазақстан Орталық Азиядағы әуе жолаушылар тасымалы нарығында көш бастап тұр

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жолаушылар әуе тасымалының ең ірі нарығына және ең кең әуежай желісіне ие. 2025 жылы өңірдегі әуе жолаушыларының 48,7 пайызы Қазақстанға тиесілі болды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты POVestka Telegram арнасына сілтеме жасап.

Еуразиялық даму банкінің (ЕДБ) сарапшыларының дерегінше, былтыр Орталық Азияның бес еліндегі әуе компаниялары 31,7 миллион жолаушы тасымалдаған. Бұл пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда екі есеге жуық көп.

Өңірдегі жолаушылар тасымалы нарығындағы Қазақстанның үлесі 48,7 пайыз болса, Өзбекстанның үлесі – 35 пайыз. Түрікменстанға 7 пайыз, Қырғызстанға 5,6 пайыз, Тәжікстанға 3,7 пайыз тиесілі.

Сарапшылар нарықтың өсуіне Орталық Азия халқының әуе көлігін жиі пайдалана бастауы және төмен бюджетті әуе компанияларының нарыққа шығуы ықпал еткенін айтады. Соңғы 10 жылда Қазақстанда бір тұрғынға шаққандағы жолаушы-шақырым көрсеткіші 2,4 есе артқан.

2015–2025 жылдары Орталық Азияның әуе флоты ұсына алатын тасымал сыйымдылығы жылына орта есеппен 7,7 пайызға өскен. Бұл әлемдік нарықтың өсу қарқынынан үш есеге жуық жоғары. Өңірде жүк тасымалы одан да жылдам дамып келеді: 2023–2025 жылдары оның көлемі төрт еседен астам өсіп, 335,7 мың тоннаға жеткен.

Авиация саласының дамуына қомақты инвестиция тартылып жатыр. Орталық Азияның әуе көлігі секторына салынған тікелей шетелдік инвестицияның жиынтық көлемі 1,4 миллиард долларды құрайды. 2035 жылға дейін өңірде жалпы құны 5,1 миллиард доллар болатын 12 ірі әуежай жобасын іске асыру жоспарланған.

Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әуежай инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Соңғы үш жылда жеке инвестиция тарту есебінен Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа терминал кешендері пайдалануға берілген. Соның нәтижесінде олардың жиынтық өткізу қабілеті 6,5 есе артып, жылына 23 миллион жолаушыға жеткен.

2026 жылдың соңына дейін Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында үш жаңа әуежайдың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар елде бірнеше ұшу-қону жолағы мен аэродром жаңғыртылып, бағыттар желісі кеңейіп, қосымша рейстер ашылған.

Әуе инфрақұрылымын дамыту Қазақстанның Орталық Азиядағы жолаушылар тасымалы нарығындағы жетекші үлесін сақтауға, транзиттік әлеуетін арттыруға және өңірлердің көлік байланысын жақсартуға мүмкіндік береді.

Барлық жаңалық