Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономика мәртебесін сақтап келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 306 млрд долларға жетіп, бұл аймақ экономикасының 53,7%-ын құрады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Осылайша, Орталық Азияда өндірілетін экономикалық өнімнің жартысынан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі.
Салыстырмалы түрде алғанда, Өзбекстанның ЖІӨ – 147,1 млрд доллар, Түрікменстандікі – 77,4 млрд доллар, Қырғызстанда – 21,6 млрд доллар, ал Тәжікстанда – 17,5 млрд доллар болды.
Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім бойынша да Қазақстан өңірде көш бастап тұр. Бұл көрсеткіш шамамен 15 мың долларға жеткен. Түрікменстанда – 11,6 мың доллар, Өзбекстанда – 3,8 мың доллар, Қырғызстанда – 3 мың доллар, Тәжікстанда – 1,7 мың доллар.
Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан экономикасы табиғи ресурстарға ғана тәуелді емес. Елде сауда жалпы қосылған құнның шамамен 20%-ын, өңдеу өнеркәсібі – 13%-ын, ал тау-кен өндірісі – 11,9%-ын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Қазақстан өңірдегі ең ірі жылжымайтын мүлік нарығына ие.
Мұндай әртараптандырылған құрылым экономиканың тұрақтылығын арттырып, сыртқы экономикалық тәуекелдерге төзімділігін күшейтеді.