Жаңалықтар

Қазақстан мен Армения бірқатар маңызды келісімдерге қол қойды

Қазақстан мен Армения бірқатар маңызды келісімдерге қол қойды

Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян ресми келіссөздер өткізіп, бірлескен мәлімдеме қабылдады, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Оzgeris.info.

 

Кездесу барысында екі елдің ресми делегациялары құпия мәліметтерді қорғау, дипломатиялық өкілдіктер ғимараттарына жер учаскелерін беру, 2026–2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жол картасы секілді бірқатар үкіметаралық келісімдер мен құжаттар алмас­ты.

 

Сонымен қатар өнеркәсіп, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, сыртқы саясат, атом энергетикасы, жоғары білім, мәдениет және кино салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған меморандумдар мен жоспарлар бекітілді. Екі елдің іскерлік байланыстарын нығайту мақсатында Қазақстан-Армения іскерлік кеңесін құру туралы келісім де жасалды.

 

Пашинян Қазақстанды «өте жақсы үлгі» ретінде атап, бұл сапар екіжақты қатынастарды тереңдетуге және оларды стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге мүмкіндік беретінін айтты. Ал Тоқаев қазақ және армян халықтарын ежелден жалғап келе жатқан достық пен өзара құрметті атап өтті.

Барлық жаңалық