Қазақстан соңғы жылдары электр энергиясын өндіру көлемін айтарлықтай арттырды. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, жаңа өндірістік қуаттарды іске қосуға мүмкіндік беріп отыр деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі 123,1 млрд кВт/сағатқа жеткен. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 4,4 пайызға жоғары.
Салыстыру үшін айтсақ, 2019 жылы электр энергиясын өндіру көлемі 106 млрд кВт/сағат болған. Осылайша соңғы жылдары өндіріс шамамен 16 пайызға өскен.
2025 жылы жаңа энергетикалық жобалар іске қосылып, жалпы қуаты 166 МВт болатын нысандар пайдалануға берілді. Олардың қатарында Текелі энергетикалық кешені мен Топар ГРЭС нысандары бар.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, электр энергиясын өндірудің артуы станцияларды жаңғырту мен жаңа нысандар салудың нәтижесі. Бұл өнеркәсіп, бизнес және халық тарапынан өсіп жатқан сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2026 жылы электр энергиясын өндіру көлемін 126,5 млрд кВт/сағатқа дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу арқылы жүзеге аспақ.
Маңызды жобалардың қатарында:
Қызылордада 240 МВт болатын бу-газ қондырғысын іске қосу,
Түркістанда қуаты 1000 МВт болатын жаңа энергетикалық нысанды іске қосу бар.
Сонымен қатар Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 станцияларын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бұл нысандардың жалпы қуаты 1100 МВт-тан асады.
Энергетикалық қуаттарды кеңейту жобалары Атырау мен Текелі қалаларында да жүзеге асырылмақ.
Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар ел экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие. Олар тек ішкі сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, өнеркәсіптің дамуына және өңірлердің экономикалық өсуіне мүмкіндік береді.