«Қазақстан халқына» қорының басқарма төрайымы Ләззат Чинкисбаева Қызылордада өткен шарада қымбат сән үйлерінің киімімен көрінді. Оның үстіндегі Miu Miu маркалы пиджактың құны шамамен 2,4 млн теңге болса, Fendi бренді брюкінің бағасы 1 млн теңгеге жуық екен, деп хабарлайды ozgeris.info сайты NewTimes.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл жайт сирек ауруға шалдыққан балалардың ата-аналарының наразылығын тудырды. Себебі олар қордан дәрі-дәрмекке көмек сұрағанымен, биыл мамырда қаржының жеткіліксіздігіне байланысты қолдау тоқтатылғанын айтқан. Әсіресе Дюшен бұлшықет дистрофиясына шалдыққан балалардың ата-аналары Elevydis, Casimersen, Eteplirsen және Golodirsen секілді қымбат препараттарды алуға мұқтаж.
Ата-аналардың сөзінше, олар бірнеше рет Астанаға келіп, Чинкисбаевамен кездескісі келген, бірақ басшылық қабылдамаған. Кейін әлеуметтік желіден оның қымбат киім киген суретін көргенде, бұл жағдай одан сайын сұрақ туғызған.
«Қарапайым ата-аналар дәрі таба алмай жүр. Ал қор басшысының бір ғана киімі миллиондарға бағаланса, оның жалақысы қандай екені ойландырады», – деді «Өмірге сен» қорының жетекшісі Сабиля Шүгелова.

