Бүгін Астанада Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы төртінші кездесуін Фарер аралдарына қарсы өткізеді. «Астана Аренада» өтетін матч сағат 19:00-де басталады. Қазіргі турнирлік жағдайды ескерсек, бұл кездесу Қазақстан үшін жай ғана кезекті ойын емес, Джон ван ’т Схип шәкірттерінің турнирдегі тағдырын айқындайтын маңызды сынақ болмақ, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Қазақстан құрамасы жаңа бас бапкердің жетекшілігімен әзірге жеңіске жете алған жоқ. Алғашқы ойында Фарер аралдарымен сырт алаңда 1:1 есебімен тең түскен қазақстандықтар кейін Словакияға және Молдоваға 1:2 есебімен есе жіберді. Үш турдан кейін команда небәрі бір ұпаймен топтың соңғы орнында тұр.
Әсіресе Молдоваға қарсы Астанадағы жеңіліс жанкүйерлердің көңілін қалдырды. Қазақстан допқа көбірек иелік еткенімен, шабуылдағы өткірлік жағынан қарсыласынан басым бола алмады. Молдова қақпасына төрт соққы ғана жасалғаны, ал қонақтардың қақпаға дәл сегіз рет бағыттағаны команданың шабуылдағы мәселелерін анық көрсетті.
Фарер аралдары – қауіпті қарсылас
Фарер аралдары Қазақстан үшін турнирдегі ең қолайлы қарсыластардың бірі ретінде қарастырылғанымен, алғашқы үш тур бұл пікірдің асығыс екенін көрсетті.
Фарерліктер үш кездесудің барлығын 1:1 есебімен аяқтады. Олар Қазақстанмен тең түсті, Молдоваға қарсы бір ұпай алды және соңғы турда топ көшбасшысы Словакияны да тоқтатты.
Ең маңыздысы – аралдар құрамасы бұл нәтижелерді тек қорғанып, кездейсоқ гол соғу арқылы алған жоқ. Команда бірнеше матчта қарсыласының қақпасына қауіпті сәттер ұйымдастырып, жеңіске жақын болды.
Қазақстанмен алғашқы кездесуде де Фарер аралдары алаң иелерінен қауіпті көрінді. Сол ойында Стас Покатилов бірнеше рет маңызды сейв жасап, құраманы жеңілістен сақтап қалды.
Сондықтан бүгінгі матчта Қазақстанның тек есімдер мен рейтингке сүйеніп жеңіске жетуі екіталай. Фарер аралдары өз мүмкіндігін жақсы пайдалана алатын және тәртіпті ойнайтын команда екенін осы турнирде дәлелдеп үлгерді.
Қазақстанға жеңіс ауадай қажет
Қазір Қазақстанның турнирдегі жағдайы күрделі болғанымен, жағдайды түзетуге әлі мүмкіндік бар.
Үш турдан кейін Словакияның еншісінде – 7 ұпай, Молдовада – 4, Фарер аралдарында – 3, Қазақстанда – 1 ұпай.
Фарер аралдарын жеңу Қазақстанға кем дегенде үшінші орынға көтерілуге мүмкіндік береді. Ал бұл қарашадағы шешуші ойындар алдында команданың турнирлік жағдайын біршама жақсартады.
Алайда тағы да ұпай жоғалту Қазақстан үшін өте ауыр соққы болмақ. Әсіресе өз алаңында Молдоваға есе жібергеннен кейін Фарер аралдарына қарсы да жеңіске жете алмау жанкүйерлер мен футбол сарапшылары тарапынан үлкен сынға себеп болуы мүмкін.
Шабуылдағы мәселе – басты сұрақ
Қазақстанның қазіргі құрамындағы ең үлкен мәселенің бірі – шабуылдың өнімділігі.
Дастан Сәтпаевтың болмауы шабуыл шебіне айтарлықтай әсер етіп отыр. Максим Самородовтың алаңға шығуы да әзірге нақты белгісіз. Егер ол толық дайын болмаса, ван ’т Схипке шабуылда басқа футболшыларға сенуге тура келеді.
Сонымен қатар Галымжан Кенжебек те дисквалификацияға байланысты бұл ойында алаңға шыға алмайды.
Қазақстан үш матчтың барлығында гол соққанымен, бұл шабуылдың сапалы екенін білдірмейді. Командаға гол соғатын мүмкіндіктерді көбейтіп қана қоймай, оларды тиімді пайдалануды үйрену қажет.
Фарер аралдарында да маңызды жоғалтулар бар
Қазақстан үшін жағымды жаңалық – қарсылас құрамында да маңызды ойыншылар болмайды.
Фарер аралдарының капитаны Андриас Эдмундссон сары қағаздар лимитіне байланысты матчты өткізіп алады. Ол алғашқы ойында Қазақстанға қарсы нәтижелі пас берген және қорғаныста маңызды рөл атқарған.
Сонымен қатар словакиялықтарға қарсы гол соққан Адриан Юстинуссен де Астанаға келмейді. Оның ұзақ ұшудан қорқатынына байланысты Қазақстанға қарсы матчқа қатыспайтыны белгілі болды.
Бұл жағдай алаң иелерінің жеңіске деген мүмкіндігін арттырады.
Сарапшылар не дейді?
Қазақстан – Фарер аралдары матчы бойынша сарапшылардың пікірі екіге бөлініп отыр.
Sports.kz болжамында Қазақстанның қазіргі жағдайына байланысты аса оптимистік көзқарас жоқ. Материал авторлары Фарер аралдарының алғашқы ойында Қазақстаннан қауіпті болғанын және қазіргі құраманың шабуылдағы мәселелерін атап өтіп, матчтың 1:1 есебімен аяқталуы мүмкін екенін болжаған.
Ал Vseprosport.ru сарапшылары Қазақстанның өз алаңындағы факторын және Молдоваға қарсы жеңілістен кейін команда міндетті түрде реакция көрсетуге тырысатынын алға тартып, Қазақстанның алғашқы жеңісіне сенім білдірді.
Sportskeeda.com та Қазақстанның мүмкіндігін жоғары бағалап, алаң иелерінің жанкүйерлер қолдауын тиімді пайдаланып, 2:1 есебімен жеңіске жететінін болжады.
Осылайша, шетелдік сарапшылардың басым бөлігі Қазақстанның жеңісіне сенсе, Sports.kz материалы сақтық танытып, тең нәтижені ықтимал сценарий ретінде қарастырады.
Қазақстан құрамасының қазіргі ойынына қатысты футбол жанкүйері әрі сарапшы Жасұлан Жұмалиев те өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, командада бұрыннан келе жатқан мәселелер әлі толық шешілген жоқ.
«Қазақстан құрамасының ойыны қайтадан кері кетіп барады. Исламханның алаңда жүргені жақсы, бірақ ол құраманың деңгейі емес. Ол барда басқалар еркін ойнай алмайды. Сондықтан жастарға қиын», – дейді Жасұлан Жұмалиев.
Сарапшы қақпашы мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, бүгінгі таңда қақпада Анарбековке мүмкіндік берген жөн.
«Қақпада Анарбеков тұруы керек деп ойлаймын. Қорғаныста мәселе тым көп. Байсуфиновты қайта алдырту керек», – деді ол.
Сонымен қатар Жасұлан Жұмалиев Фарер аралдарына қарсы кездесуде Қазақстан құрамасынан жеңіс күтетінін атап өтті. Алайда бір жеңіс бұған дейінгі ойындардағы проблемаларды жасырып қалмауы тиіс деп санайды.
«Бүгінгі ойында ұтамыз деп ойлаймын. Бірақ алдыңғы ойындарға сын көп. Оларды ұмытып кетпеуіміз қажет», – деді сарапшы.
Оның пікірі Қазақстан – Фарер аралдары арасындағы бүгінгі матчтың тек турнирлік маңызы ғана емес, командадағы жүйелі мәселелерді бағалау тұрғысынан да маңызды екенін көрсетеді.
Болжам: Қазақстан жеңуі тиіс, бірақ оңай болмайды
Бүгінгі матчта Қазақстанның басты артықшылығы – өз алаңы, жанкүйерлер қолдауы және қарсыластың негізгі футболшыларынан айырылуы.
Бірақ қазіргі ойын сапасын ескерсек, Фарер аралдарын оңай жеңеді деп айту қиын. Қонақтар турнирдегі үш кездесудің барлығында тең нәтиже көрсетіп, өздерінің тәртіпті әрі қауіпті команда екенін дәлелдеді.
Қазақстанға бірінші кезекте Молдоваға қарсы ойындағы қателіктерді қайталамау, шабуылда белсенділікті арттыру және алғашқы минуттардан-ақ ойын тізгінін қолға алу қажет.
Егер Қазақстан ерте гол соқса, ойынның сценарийі айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Ал керісінше, есеп ұзақ уақыт ашылмаса, Фарер аралдары қорғаныста жинақы ойнап, Қазақстанға психологиялық қысым түсіре алады.
Қазақстан бүгін жеңіске жетуге міндетті. Бұл үш ұпай турнирлік кестедегі жағдайды ғана емес, командаға және Джон ван ’т Схипке деген қоғамдық сенімді де белгілі бір деңгейде қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Ал егер Қазақстан тағы да өз алаңында ұпай жоғалтса, Ұлттар лигасындағы жағдай одан әрі қиындай түсіп, нидерландтық маманның Қазақстан құрамасындағы болашағына қатысты сұрақтар күшейе түсуі мүмкін.