Қоғам

Қазақстан азаматтары EPS жүйесі арқылы Оңтүстік Кореяға қалай жұмысқа орналаса алады

Қазақстан азаматтары EPS жүйесі арқылы Оңтүстік Кореяға қалай жұмысқа орналаса алады

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Employment Permit System (EPS) жүйесі арқылы Оңтүстік Кореяға легалды түрде жұмысқа орналасудың толық тәртібін түсіндірді,

Іріктеуге қатысу талаптары

Кандидаттарға қойылатын басты критерийлер:

·         Жас мөлшері: 18-ден 39 жасқа дейін.

·         Соттылығы: Сотталмаған болуы тиіс.

·         Миграциялық тарихы: Оңтүстік Кореядан бұрын күштеп шығарылмаған және бұл елге кіруге тыйым салынбаған болуы қажет.

·         Шектеулер: Қазақстаннан шетелге шығуына ешқандай заңды шектеу болмауы тиіс.

Іріктеу кезеңдері мен талаптар

Іріктеу процесі Алматы қаласында EPS орталығы ашылғаннан кейін арнайы балдық жүйе бойынша басталады:

1.      EPS-TOPIK тесті: Алматыдағы EPS орталығында корей тілін білу деңгейін анықтау.

2.      Біліктілікті бағалау: Азаматтың білімі, еңбек өтілі, кәсіби дағдылары мен сертификаттары тексеріледі.

3.      Ресми тізімге ену: Барлық кезеңнен сәтті өткен, жарамды төлқұжаты бар және медициналық тексеруден өткен азаматтар жұмыс іздеушілердің ресми базасына енгізіледі.

4.      Міндетті дайындық: Кореяға аттанар алдында кандидаттар EPS орталығында арнайы дайындық курсынан өтеді.

Жұмысқа орналасу тәртібі мен мерзімі

·         Жұмыс берушінің таңдауы: Тізімге ену автоматты түрде жұмысқа орналасуға кепілдік бермейді. Кандидатты базадағы жеке мағлұматтары (білімі, тәжірибесі, тест нәтижесі) бойынша корейлік жұмыс берушінің өзі таңдайды.

·         Еңбек шарты: Таңдау түскен соң қызметкерге жұмыс уақыты, еңбек жағдайы мен міндеттері толық түсіндіріліп, екіжақты еңбек шарты жасалады.

·         Квота: Қабылданатын азаматтар саны жыл сайын Оңтүстік Корея тарапы белгілейтін квотаға байланысты болады.

·         Жұмыс мерзімі: Келісімшарт мерзімі 3 жылға дейін созылады. Заңнамаға сәйкес бұл мерзімді тағы 1 жыл 10 айға ұзартуға болады. Жұмыс мерзімін аяқтап, елге өз еркімен оралғандарға кейін қайта бару үшін жеңілдетілген шарттар қарастырылған.

Еңбек министрлігі азаматтарға тек мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына сүйенуді ескертеді.

Бірде-бір жеке делдал Кореяға жұмысқа орналасуға немесе іріктеуден жедел өткізуге кепілдік бере алмайды. Түпкілікті шешімді тек корейлік жұмыс беруші қабылдайды. Ақшаңыз бен құжаттарыңызды жеке тұлғаларға бермеңіз.

Тіркеудің басталуы, құжат тапсыру мерзімі мен EPS-TOPIK тестінің уақыты туралы ақпарат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми ресурстарында қосымша хабарланады.

 

Барлық жаңалық