Ресейдің Владивосток қаласында өтіп жатқан XI Шығыс экономикалық форумы аясында Қазақстанда атом электр станциясын жобалау, жабдықтау және салу жөніндегі келісімшартқа қол қойылды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Келісімшарт «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС мен «Росатом» мемлекеттік атом энергиясы корпорациясының еншілес кәсіпорны – «Атомстройэкспорт» АҚ арасында жасалды. Құжатқа қол қою рәсіміне Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв қатысты.
Осылайша, Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы жаңа практикалық кезеңге өтті. 2026 жылғы 28 мамырда жасалған үкіметаралық келісімге сәйкес, тараптар енді белгіленген рәсімдерді, соның ішінде Қазақстан Үкіметімен қажетті келісу жұмыстарын жүргізуге кіріседі.
АЭС жобасын іске асыру Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Экономика, өнеркәсіп, инфрақұрылым, цифрландыру және жасанды интеллект салаларының қарқынды дамуына байланысты елдің тұрақты әрі сенімді электр энергиясына деген қажеттілігі алдағы жылдары арта түспек. Атом энергетикасы ұзақ мерзімді перспективада тұрақты базалық электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба отандық өнеркәсіпті дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және жоғары білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
«Атом энергетикасы ұзақ мерзімді перспективада тұрақты базалық электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар АЭС құрылысы отандық өнеркәсіпті дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және жоғары білікті мамандар даярлауға қосымша мүмкіндік береді», – деп хабарлады Атом энергиясы жөніндегі агенттік.
Ведомствоның мәліметінше, жобаны іске асыру Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін нығайтуға, өнеркәсіптік және технологиялық әлеуетін арттыруға, сондай-ақ атом энергетикасы саласында ұлттық кадрлық резерв қалыптастыруға бағытталған.
АЭС құрылысы кезінде жергілікті қамтуға да ерекше мән берілмек. Жобаға қазақстандық кәсіпорындар мен мамандарды, тауар өндірушілерді, сондай-ақ отандық жұмыстар мен қызмет көрсетушілерді барынша тарту жоспарланып отыр. Бұл жаңа өндірістер мен технологияларды игеруге, отандық өнеркәсіпті дамытуға және атом энергетикасы саласындағы ұлттық құзыреттерді қалыптастыруға серпін береді деп күтілуде.
Жобаның іске асуы Қазақстанның ұзақ мерзімді энергетикалық қажеттілігін қамтамасыз етуге, технологиялық әлеуетін арттыруға және елдің атом энергетикасы саласындағы ұлттық құзыреттерін дамытуға бағытталған маңызды қадам болмақ.