Еліміз мұнайды Еуропаға жаңа бағытпен экспорттай бастады. «ҚазМұнайГаз» компаниясы Венгриядағы MOL Group мұнай өңдеу зауытына 85 мың тонна мұнай жеткізді, деп жазады Ozgeris.info.
Жүкті «Қазмортрансфлотқа» тиесілі «Alatau» танкері тасымалдады. Ол Ресейдің Новороссийск портынан шығып, Хорватиядағы Омишаль портына жеткен. Мұнай сол жерден әрі қарай JANAF компаниясы басқаратын Адриатикалық мұнай құбыры арқылы Венгрияның Сазхаломбатта қаласына жөнелтіледі.
Мұнай межелі жерге жеткен соң, ҚазМұнайГаз, MOL Group және JANAF өкілдері арнайы кездесу өткізіп, алдағы бірлескен жұмыс жайын талқылады. Тараптар мұнай тасымалын жалғастыруға бағытталған рамалық келісімге қол қойды.