Қырғызстандық тележүргізуші Айзада Жамғырчиеваға автокөлік сыйға тартылды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Тележүргізуші VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Тулар шеруінде Қазақстан құрамасын ерекше ықыласпен таныстырып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген еді.
Автокөліктің кілтін Айзада Жамғырчиеваға Көкпар федерациясының президенті Айдарбек Қожаназаров табыстады.
Жамғырчиева әлеуметтік желідегі парақшасында мұндай тосынсыйды мүлде күтпегенін жеткізді.
"Мен үшін бұл жай ғана сыйлық емес. Бұл – менің Қазақстанға көрсеткен қолдауымның еленгенін, бағаланғанын және маған деген үлкен құрметтің белгісі. Осындай сәттер қырғыз пен қазақ арасындағы бауырластықтың құр сөз емес екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Екі халықтың достығы нығая берсін! Қырғыз бен қазақ – әрдайым бауыр!", – деп жазды ол.
Айта кетейік, Тулар шеруінде Айзада Жамғырчиеваның Қазақстан құрамасын таныстырған әсерлі сәті әлеуметтік желіде кеңінен тарап, көпшіліктің қолдауына ие болды.