Әлеуметтік желілерде Нальчик қаласында түсірілген салтанатты тойдың видеосы тарап, қазақстандықтардың үлкен қызығушылығын тудырды. Кадрларда асабаның енесін келіннің бетінен сүюге шақырып жатқан сәті бейнеленген, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Видеода сөйлеген тілдің қазақ тіліне қатты ұқсайтыны соншалық, желі қолданушылары оны бірден түсініп, таңғалыстарын жасыра алмады. Оқырмандардың пайымдауынша, бұл Кавказдағы түркі тілдес халықтардың бірі, қарашай немесе балқар тілі.
Желі қолданушылары не дейді?
Видео астында пікір қалдырған қазақстандықтар екі халықтың тілдік ұқсастығы мен ортақ салт-дәстүрлеріне таңғалған.
«Қазақ пен балқар бір туған болып шықты ма, сонда? Енді ойланыңыздар, барлығы өз тілінде сөйлесе, бір-бірімізді емін-еркін түсініп жүретін боламыз. Өзге тілде сөйлемей-ақ қояйық, достар. Ең қызығы — келін қойдың терісінің үстінде тұр. Тұп-тура біздің Маңғыстаудағыдай. Бізде де бұрын солай болған, келін қой терісінің үстінде тұратын. Челябинск облысының қазақтарында 50-60 жылдары болған еді, кейін уақыт өте келе ұмытылып кетті. Қазақша сөйлеп жатыр ма? Бұл қазақ тілі емес екенін бірден түсінбей де қалдым! Жас жұбайлар, бақытты болыңдар. Мен бұл сөздерді қалай түсініп отырмын? Бұл қай тілде айтылып жатыр? Тойдың атмосферасы сұмдық күшті. Олардың тілі қырғыз тіліне де, қазақ тіліне де ұқсайды. Алғаш көргенде түсінбей қалдым, кейіннен олардың кавказдықтар екенін білдім», - деп жазды олар.
Тіл де, дәстүр де ортақ
Қарашай-балқар тілі — қазақ және қырғыз тілдері сияқты түркі тілдерінің қыпшақ тобына жатады. Сондықтан бұл халықтардың сөздік қоры мен грамматикасында ұқсастықтар өте көп.
Сонымен қатар, желі қолданушылары тек тілдік қана емес, мәдени ұқсастықтарды да атап өтті. Атап айтқанда, жаңа түскен келінді қой терісінің («ақ жол», береке символы ретінде) үстіне отырғызу немесе тұрғызу салты қазақ халқының да көне әдет-ғұрыптарының бірі.