«Қазақмыс» компаниялар тобында қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау және өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған 2026–2028 жылдарға арналған өнеркәсіптік қауіпсіздікті трансформациялау стратегиясы бекітілді, деп хабарлайды ozgeris.info.
Құжатқа арналған стратегиялық сессия «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Руслан Өскенәлінің төрағалығымен өтті. Жиынға басқарма мүшелері, өндірістік филиал жетекшілері, техникалық мамандар мен халықаралық JMJ Associates компаниясының кеңесшілері қатысты. Кездесу барысында компания басшысы қызметкерлердің өміріне қауіп төнген жағдайда жұмыс жүргізуге жол берілмейтінін атап өтті.
«Өнеркәсіптік қауіпсіздік – басты басымдықтардың бірі. Ал өлімге әкелуі мүмкін жазатайым оқиғалардың алдын алу – негізгі міндет. Қауіпсіздік талаптары толық сақталған кезде ғана өндірістік жоспарды орындауға болады», – деді Руслан Өскенәлі.
Оның айтуынша, қауіпсіздік шараларына қатысты жауапкершілік барлық деңгейде бекітіліп, қауіпсіздік техникасы бойынша орталық комитет құрылмақ.
Жаңа стратегияны еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директор Жанбек Есмахановтың жетекшілігімен құрылған жұмыс тобы әзірледі. Бұл үдеріс аясында ішкі аудит жүргізіліп, халықаралық сарапшылардың қатысуымен тәуелсіз зерттеу жасалып, трансформацияның негізгі бағыттары айқындалды.
Нәтижесінде нөлдік жарақаттану қағидатына негізделген стратегия қабылданып, ол тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіруді және қауіпсіздік мәдениетіндегі көшбасшылықты дамытуды қамтиды.
Осыған байланысты 2026 жыл компанияда қауіпсіздік жылы деп жарияланды. Стратегияны іске асыру үшін тоқсан сайын жиналатын өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі орталық комитет құрылады. Сонымен қатар өндірістік активтер деңгейінде ай сайын комитет отырыстарын өткізу тәжірибесі енгізілуде.
Құжатты жүзеге асыру барысында аса қауіпті тәуекелдерді бақылаудың бірыңғай стандарты енгізіліп, қауіпсіздік талаптары барлық бизнес-процестерге, соның ішінде мердігер ұйымдармен жұмысқа да енгізіледі.
Сондай-ақ тәуекелдерді төмендету үшін жабдықтарды жаңарту мен өндірістік активтердің сенімділігін арттыруға бағытталған инвестицияларға ерекше назар аударылады. Енді аса қауіпті тәуекелдерді бақылау шараларын толық орындау басшылардың негізгі тиімділік көрсеткіштерінің біріне айналады.
Бұл тәсіл ұзақ мерзімді перспективада жарақаттану деңгейін біртіндеп азайтып, өлімге әкелетін оқиғаларды толық жоюға бағытталған.