Спорт

Қазақ футболындағы кезекті эксперимент: Шетелдік бапкердің Байсуфиновтен несі артық?

Қазақ футболындағы кезекті эксперимент: Шетелдік бапкердің Байсуфиновтен несі артық?

Қазақстан футболы тағы бір маңызды кезеңге аяқ басты. Ұлттық құраманың тізгіні нидерландтық маман Джон ван’т Шкипке тапсырылды. Бұл – соңғы төрт жылда Қазақстан құрамасын басқарған алтыншы бапкер. Ендігі басты сұрақ – бұл шешім Қазақстан футболын жаңа деңгейге көтере ме, әлде тағы бір сәтсіз эксперимент бола ма? Бұл сұрақтарға Ozgeris.info тілшісі жауап іздеп көрді. 

Халықаралық деңгейде Джон ван ’т Шкип Грекия және Армения ұлттық құрамаларының бас бапкері қызметін атқарды. Футболдан Қазақстан құрамасының бапкерлер штабы да құрылды. Бас бапкердің көмекшісі Нұрбол Жұмасқалиев пен Елдос Ахметов болса, қақпашылар бапкері Юрий Новиков, дене даярлығы бапкері Вадим Боровский және сарапшы бапкер Тимур Құсайынов.

Адиев дәуірі – қазақ футболының ең жарқын кезеңі ме?

Қазақстан құрамасының соңғы жылдардағы ең табысты кезеңі сөзсіз Магомед Адиевтің есімімен байланысты. 2022 жылы келген ресейлік маман ең алдымен команданың психологиясын өзгертті. Бұрын фавориттерден именетін Қазақстан енді кез келген қарсыласқа қарсы ашық ойнай бастады.

Адиевтің тұсында Қазақстан құрамасы 2022 жылы Ұлттар лигасының С дивизионында топ жеңімпазы атанып, В дивизионына көтерілді, Словакияны екі рет жеңді және Әзербайжан мен Беларусьтен басым түсті. Еуро-2024 іріктеуінде Дания, Финляндия, Солтүстік Ирландияны жеңіп, тарихи нәтиже көрсетті. Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығуға бір қадам ғана жетпей қалды. Ол кезде Қазақстан футболына бүкіл Еуропа назар аударды.

Адиевтің басты жетістігі – ойыншыларға сенім беруі.

Максим Самородов, Ислам Чесноков, Нұралы Әліп, Бахтиер Зайнутдинов, Абат Айымбетов, Рамазан Оразов секілді футболшылар дәл сол кезеңде жаңа деңгейге көтерілді.

Неге Адиев кетті?

Адиевтің келісімшарты аяқталды. Тараптар жаңа келісім бойынша ортақ мәмілеге келе алмады. Кейін ол Ресей Премьер-лигасына жұмысқа кетті. Бүгінге дейін көптеген жанкүйер Адиев кезеңін Қазақстан құрамасының ең үздік дәуірі деп есептейді.

Черчесов кезеңі – үлкен үміт, үлкен сәтсіздік

Адиев кеткен соң ҚФФ көпшілік күтпеген шешім қабылдап, Ресей құрамасын 2018 жылғы әлем чемпионатында ширек финалға шығарған Станислав Черчесовті шақырды. Қағаз жүзінде бұл өте мықты таңдау болып көрінді. Алайда іс жүзінде бәрі керісінше болды. Черчесов басқарған кезеңде Қазақстан Ұлттық құрамасы Ұлттар лигасында барлық негізгі қарсыластарынан ұтылып, ойын өрнегі жоғалды. Команда шабуылда өте әлсіз көрініп, бірде-бір ресми жеңіске жете алмады. Ең үлкен мәселе – команда бұрынғы батылдығынан айырылды. Жанкүйерлер де, сарапшылар да Черчесовтің стилі Қазақстан құрамасына сәйкес келмегенін айтты. Соның нәтижесінде оның қызметі ұзаққа созылған жоқ.

Байсуфинов тағы келді

Черчесов кеткен соң құраманы қайтадан жақсы білетін адамға сенім берілді. Бұл – Талғат Байсуфинов. Көпшілік бұл шешімді оң қабылдады. Өйткені Байсуфинов қазақстандық футболшыларды толық біледі, жастармен жұмыс істей алады, ішкі чемпионатты тұрақты бақылайды, ойыншыларды дұрыс таңдаумен ерекшеленеді. Оның соңғы кезеңіндегі статистикасы да жаман болған жоқ. Қазақстан сегіз матчта 3 жеңіс, 3 тең ойын, 2 жеңіліске қол жеткізді.  ФИФА рейтингінде де команда жоғарылады.

Онда неге Байсуфинов кетті?

Бұл сұрақтың нақты жауабы әзірге жоқ. ҚФФ ресми түрде Байсуфинов қызметінен өз еркімен кеткенін хабарлады. Федерация президенті де дәл осыны айтты. Жалақы немесе жұмыс жағдайына байланысты ақпараттарды жоққа шығарды. Сондықтан әзірге оның кетуінің нақты себебі белгісіз.

Спорт комментаторы, журналист Руслан Бақытжанның пікірінше, Қазақстан құрамасын отандық маманның жаттықтырғаны дұрыс болар еді.

«Менің ойымша, Талғат Маруаұлы Байсуфинов қызметін жалғастыра бергені дұрыс еді. Егер өзгеріс қажет болса да, оның орнына басқа қазақстандық жаттықтырушының келгенін қалар едім. Қанша дегенмен, отандық футболдың тыныс-тіршілігін, ішкі асүйін, ойыншылардың мүмкіндігі мен мінезін жақсы білетін маманның өзіндік артықшылықтары болады. Дегенмен, федерация өз таңдауын жасады. Енді ұлттық құраманың тізгінін ұстаған Джон ван’т Шкипке тек сәттілік тілеймін. Қандай жаттықтырушы келсе де, ең бастысы – Қазақстан құрамасының табысы. Сондықтан біз ұлттық командаға қолдау көрсетуді жалғастыруымыз керек. Жанкүйер ретінде де, журналист ретінде де құраманың жеңіске жеткенін қалаймыз», – дейді Руслан Бақытжан. 

Неге тағы да шетелдік маман? 

Бұл – Қазақстан футболындағы көп жылдан бері жалғасып келе жатқан пікірталас. Федерацияның логикасы түсінікті. Шетелдік бапкер халықаралық тәжірибе әкеліп, жаңа тактика енгізеді. Сондай-ақ еуропалық стандарттарды қалыптастырады. Бірақ тәжірибе әрдайым сәтті бола бермейді. Черчесов мысалы соның дәлелі. Ал Адиев болса, керісінше, шетелдік маман ретінде тарихи нәтиже көрсетті. Яғни мәселе паспортта емес. Мәселе – нақты маманның деңгейінде.

Джон ван’т Шкип кім?

62 жастағы маман Нидерланд футболының өкілі. Футболшы ретінде Джон ван’т Шкип Амстердамның «Аякс» және Италияның «Дженоа» клубтарында өнер көрсетіп, Нидерланд құрамасында ойнады. Ұлттық құрамамен бірге 1988 жылғы Еуропа чемпионы атанды.

Бапкерлік жолын «Аякстың» жүйесінде бастап, бас бапкері қызметін атқарды. Сондай-ақ «Твенте», «Зволле», Мексиканың «Гвадалахара» және Аустралияның «Мельбурн Сити» командаларының тізгінін ұстады. 2016 жылы «Мельбурн Сити» клубымен бірге Аустралия кубогын жеңіп алды. Ең табысты кезеңдерінің бірі – Грекия құрамасындағы жұмысы. Ал Армениядағы тәжірибесі өте сәтсіз өтті.

Футбол сарапшысы, журналист Тұрар Кенжеғалиевтің пікірінше, Джон ван’т Шкиптің бапкерлік мансабында әзірге ерекше жетістіктер көп емес.

«Джон ван’т Шкип туралы айтсақ, ол бапкер ретінде әлемдік деңгейде аты шыққан маман емес. Көбіне бас бапкерлердің көмекшісі болып еңбек еткен. Мәселен, Нидерланд құрамасында Марко ван Бастеннің көмекшісі болды. Жалпы, бапкерлігінен бұрын футболшы ретінде әлдеқайда танымал әрі табысты болған десек, қателеспейміз. Дегенмен, оны келмей жатып сынаудың қажеті жоқ. Кезінде Магомед Әдиев тағайындалғанда да көпшілік сенбеген еді. Бірақ кейін нәтижесін көрсетті. Сондықтан жаңа бапкерге де уақыт беріп, сенім артқан дұрыс. Талғат Байсуфинов та өз деңгейінде жақсы жұмыс істеді. Ол қазақстандық футболды, ойыншыларды жақсы біледі. Әрине, көпшілік отандық маманның жалғастырғанын қалар еді. Бірақ бұл – федерацияның таңдауы. Енді сол шешімді қолдап, жаңа бапкерге мүмкіндік беруіміз керек. Ван’т Шкип осыған дейін басқарған құрамаларды аса жоғары нәтижелерге жеткізді деп айту қиын. Соған қарамастан, Қазақстанда өзін жаңа қырынан көрсетуі әбден мүмкін. Ең бастысы – Магомед Әдиев кезеңіндегідей елде футболға деген қызығушылықты қайта жандандырып, ұлттық құраманың айналасында жаңа серпіліс қалыптастыра алса болғаны», – дейді Тұрар Кенжеғалиев.

Арменияда неге нәтиже шықпады?

Армения құрамасын басқарған кезде команда төрт матчта жеңіске жете алмады. Бұрынғы армян бапкері Вардан Минасянның айтуынша, басты себептердің бірі – ұлттық менталитетке бейімделе алмауы. Ол тіпті егер кандидаттар қатарында Реграги, Канерва немесе Роджер Шмидт болғаны рас болса, олардың деңгейі әлдеқайда жоғары екенін айтты. Бірақ соңғы сөзді бәрібір нәтиже ғана айтады.

Оның жалақысы қанша?

Қазіргі таңда ҚФФ Джон ван’т Шкиптің жалақысын ресми жариялаған жоқ. Әзірге бұл туралы тек түрлі болжамдар айтылып жатыр. Сондықтан нақты сома туралы айтуға негіз жоқ. Салыстыру үшін, Байсуфиновтың айлық жалақысы шамамен 12 миллион теңге болғаны хабарланған.

«Шындық» Telegram арнасы Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері Джон ван ’т Схиптың тағайындалуына қатысты сұрақтар көтерді. Арна авторлары КФФ басшылығы алдымен Байсуфиновке қолдау білдіріп, араға екі апта салып қызметінен босатқанын, кейін бірнеше айға созылған іздеудің нәтижесінде КФФ бас хатшысы Скотт Мунн бұрыннан жақсы танитын Джон ван ’т Схиптың таңдалғанына назар аударады. Сондай-ақ олар төрт айлық келісімшарттың себебі мен бапкерді іріктеу процесінің ашықтығына қатысты сұрақтар қойып, федерацияны келісімшарттың қаржылық шарттары мен таңдау рәсімі туралы ақпаратты жариялауға шақырады. Себебі аталған телеграм арнасы Қазақстан футбол федерациясының бюджетіне қатысты жарияланған ақпарат қоғамда қызу талқыланады деп санайды.

«Қазақстан футбол федерациясының бюджеті шамамен 25 миллиард теңге деген ақпарат жария болды. Бұл тақырып қоғамда кеңінен талқыланады деп сенеміз. Өйткені жанкүйерлер бөлінген қаржының қалай игерілетінін және оның ұлттық құраманың нәтижесіне қаншалықты әсер ететінін білгісі келеді», – дейді «Шындық» Telegram арнасы. 

Отандық бапкерлерге сенім неге аз?

Бұл сұрақтың жауабы бірнеше факторға байланысты. Біріншіден, федерациялар көбіне халықаралық тәжірибесі бар мамандарға басымдық береді. Екіншіден, шетелдік маман келген кезде қоғамның үміті де жоғары болады. Үшіншіден, әлемдік тәжірибеде ұлттық құрамаларды шетелдік бапкерлердің басқаруы қалыпты құбылыс. Дегенмен Қазақстандағы тәжірибе көрсеткендей, құраманы жақсы білу кейде атақты есімнен де маңыздырақ. Байсуфинов соның дәлелі.

Байсуфинов қайта оралуы мүмкін бе?

Қазақстан футболында мұндай жағдай бұрын бірнеше рет болған. Байсуфиновтың өзі ұлттық құраманы бірнеше мәрте қабылдады. Сондықтан болашақта оның қайта келуі толықтай жоққа шығарылмайды. Егер федерация мен нәтиже соған алып келсе, тәжірибелі маман тағы бір мүмкіндік алуы әбден мүмкін.

Қай бапкер үздік болды?

Соңғы жылдарды сараласақ, Магомед Адиев – тарихи нәтиже, Ұлттар лигасы топтық кезеңінің жеңімпазы, Еуроға бір қадам жақындады. Талғат Байсуфинов – команданың тұрақтылығын сақтап, сенімді қайтара білді, жастарға мүмкіндік берді және қысқа уақытта жақсы көрсеткіш көрсетті. Станислав Черчесов болса, үлкен үмітті ақтай алмады, ресми матчтарда жеңіссіз қалды.

Футбол жанкүйері Қайырболат Қапезовтің пікірінше, Қазақстан құрамасының соңғы жылдардағы табысына Талғат Байсуфиновтың да қосқан үлесі зор.

«Менің ойымша, Талғат Байсуфиновты Қазақстан футболы тарихындағы үздік бапкерлердің бірі деп айтуға толық негіз бар. Оның ойыншылармен қарым-қатынасы өте жақсы болды, ұжым ішінде беделі жоғары еді. Магомед Адиев те мықты жұмыс атқарды. Бірақ ол белгілі бір деңгейде Байсуфинов дайындап кеткен құраманы қабылдады деп есептеймін. Сондықтан бүгінгі жетістіктерде Талғат Маруаұлының еңбегі де бар.

Жалпы, Қазақстан құрамасын басқарған шетелдік мамандардың ішінде Арно Пайперс пен Бернд Шторкты да сәтсіз бапкерлер қатарына жатқызбас едім. Олар да өз кезеңінде белгілі бір деңгейде пайдалы жұмыс атқарды.

Қазір ұлттық құраманың әлеуеті бұрынғыдан әлдеқайда жоғары. Сапалы футболшылар қалыптасты. Енді жаңа бас бапкер осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, шетелдік чемпионаттарда өнер көрсетіп жүрген қандастарымыз бен талантты ойыншыларды назардан тыс қалдырмаса екен деймін. Өйткені оларды тануы, бақылауы қаншалықты жүйелі болатыны әзірге белгісіз.

Сондай-ақ Меңдіханов пен Нұрғали секілді талантты жастарға ұлттық құрамадан мүмкіндік беретін уақыт келді деп ойлаймын. Олар негізгі құраманың атмосферасын сезініп, халықаралық деңгейде шыңдалуы керек. Бұл – Қазақстан футболының болашағына салынған инвестиция», – дейді футбол жанкүйері Қайырболат Қапезов.

Енді не күтеміз?

Джон ван’т Шкиптің алдында өте қиын міндет тұр. Ол тек тактиканы өзгертіп қана қоймай, Адиев қалыптастырған жеңімпаз психологияны сақтап қалуы керек. Қазақстан құрамасы қазір бұрынғыдай аутсайдер емес. Командада тәжірибелі көшбасшылар да, дарынды жастар да жеткілікті. Егер нидерландтық маман еуропалық футбол мәдениетін қазақстандық ойыншылардың мінезімен үйлестіре алса, Қазақстан тағы да үлкен турнир жолдамасы үшін күресе алады. Ал егер Черчесов кезеңіндегі қателіктер қайталанса, жанкүйерлердің “неге тағы да өз мамандарымызға сенбедік?” деген сұрағы бұрынғыдан да қатты естілетіні анық.

Алда Қазақстан құрамасын жаңа сынақтар күтіп тұр. Ұлттар лигасында біздің команда Фарер аралдары, Словакия және Молдовамен кездеседі. Бұл матчтар жаңа бас бапкер Джон ван’т Шкип үшін де алғашқы үлкен емтихан болмақ. Жаңа жаттықтырушы командаға тың серпін беріп, ал футболшылар соңғы жылдары қалыптасқан жеңімпаз мінезін сақтай алады деген үміт зор.

Қай бапкер келсе де, ең бастысы – Қазақстан құрамасының табысы. Ұлттық құрамаға сенім артып, қолдау көрсетейік. Көк туымыз халықаралық ареналарда биіктен көрініп, жанкүйерлерімізге тағы да тарихи жеңістер сыйласын!

Барлық жаңалық